Алматы халықаралық әуежайында ауа райына байланысты бірқатар әуе рейсінің кешіктірілгені тіркелді.
Онлайн-табло деректеріне сәйкес, Астанаға (үш рейс), Ақтауға, Қарағандыға (екі рейс) және Мәскеуге ұшатын рейстер кешігіп ұшып жатыр. Сондай-ақ Атыраудан, Семейден, Ақтаудан, Ақтөбеден, Астанадан, Дубайдан, Қызылордадан, Жиддадан, Дохадан, Үрімшіден, Оралдан, Қостанайдан және Чэнду қаласынан келетін рейстердің де кешігуі байқалады.
Әуежайдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты кейбір ұшып шығу рейстері кейінгі уақытқа ауыстырылған. Әуе айлағының барлық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп, ұшу кестесін мүмкіндігінше тез тұрақтандыру үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр.
Жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі басты басымдық болып қала береді, — деп атап өтті әуежай өкілдері.
Жолаушыларға рейстердің мәртебесін алдын ала әуе компанияларынан нақтылап, әуежайдың ресми ресурстарындағы жаңартуларды қадағалау ұсынылады. Сондай-ақ қонақтардан ұшу кестесіндегі уақытша өзгерістерге түсіністікпен қарау сұралады.