Астанада қарулы шабуылға байланысты қылмыс тіркелді. Қала полициясының мәліметінше, жас азамат құқық қорғау саласының қызметкеріне оқ атқан, күдікті көп ұзамай қолға түсті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алдын ала дерек бойынша, қала тұрғыны аңшылық қарумен жол үстімен өтіп бара жатқан автокөліктің жүргізушісіне оқ жаудырып, оқиға орнынан бой тасалаған. Ауыр жарақат алған азаматтың өзі полицияға хабарласқан.
Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары күдіктіні анықтап, ұстады. Ол 21 жастағы елорда тұрғыны екені белгілі болды. Қару тәркіленіп, қылмыстық іс аясында сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полицияның нақтылауынша, зардап шеккен азамат құқық қорғау органдарында қызмет атқарады және оқиға болған сәтте еңбек демалысында жүрген. Тергеу барысына байланысты өзге мәліметтер әзірге жария етілмейді.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде жараланған азаматтың «Сұңқар» арнайы мақсаттағы бөлімшесінде жұмыс істейтіні туралы ақпарат тарады.