Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты жетім баланың құқықтарын қалпына келтірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
К. жетім бала ретінде тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінде тұрған. Алайда Абай облысындағы әкімшілік-аумақтық өзгерістерге байланысты жаңадан құрылған облыста тұрғын үй кезегіндегі тізімдер қалыптастырылған кезде оның деректері жоғалған.
Сот отырысында Абай облысы Жаңасемей ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен Семей қаласының тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мамандары өз қызметтеріне немқұрайлы қарауы салдарынан жетім баланың құқықтары бұзылғаны анықталды.
Сот талап арызды қанағаттандырып, лауазымды тұлғалардың әрекеттерін заңсыз деп таныды және «Отбасы Банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкін «orken.otbasybank.kz» ақпараттық жүйесінде К.-ны 2016 жылдан бастап тұрғын үй есебіне қою туралы жоғалған мәліметтерді қалпына келтіріп, қайта енгізуге міндеттеді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Шешім заңды күшіне енгеннен кейін бір ай ішінде Банк К.-ны «Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша тұрғын үйге мұқтаждар кезегіне қайта қойды.
Уәкілетті органдар тарапынан жіберілген қателіктің салдарынан бұзылған жетім баланың құқықтары сот арқылы толық көлемде қалпына келтірілді.