Алматы облысында болған жол апатынан Үндістанның екі азаматы қаза тапты. Оқиға 6 қаңтар күні Алматы – Бішкек автожолының 86-шақырымында болған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Астанадағы Үндістан елшілігінің мәліметінше, жол апаты кезінде көлікте Үндістанның бес азаматы отырған. Олардың төртеуі – Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан медицина университетінің студенттері, ал біреуі – Шымкенттен Алматыға бет алған турист.
Апат салдарынан екі адам оқиға орнында көз жұмды. Тағы үш адам ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, олардың жағдайы ауыр, қазіргі таңда жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.
«Астанадағы Үндістан елшілігі жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқан Раджастхан штатының тумалары, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенттері Каран Пармар мен Риширадж Бараиттың отбасыларына терең қайғыра көңіл айтады. Сондай-ақ біз зардап шеккендер – Раджастхан штатынан шыққан Манджит Сингх Соланки мен Рахул Ядавқа, сондай-ақ Қазақстанға турист ретінде келген Гуджарат штатының тумасы Бриджешкумар Бхараткумару Бхатиге жедел сауығып кетуін тілейміз, дұғаларымызды жолдаймыз», – делінген хабарламада.
Алматы – Бішкек тас жолындағы жол апатының себептері мен мән-жайы анықталуда. Аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.