Ауғанстанмен шекарада Тәжікстанның екі әскери қызметкері қаза тапты

/
Ауғанстанмен шекарада Тәжікстанның екі әскери қызметкері қаза тапты
Фото: Asia-Plus

24 желтоқсанда тәжік-ауған шекарасында болған қарулы қақтығыс кезінде Тәжікстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) Шекара әскерлерінің екі әскери қызметкері қаза тапты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тәжікстан ҰҚМК Шекара әскерлерінің баспасөз орталығының мәліметінше, 2025 жылғы 23 желтоқсанда сағат 23:30-да террористік ұйымның үш мүшесі Ауғанстан аумағынан Тәжікстан Республикасының аумағына заңсыз өтіп, Хатлон облысындағы Шамсиддин Шохин ауданында орналасқан «Сарчашма» шекара отрядына қарасты №5 шекара бекетінің күзетілетін аймағына кірген.

Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 24 желтоқсан күні сағат 11:15-те террористердің орналасқан жері анықталған. Олар тәжік шекарашыларының берілуді талап еткен бұйрығына бағынбай, қарулы қарсылық көрсеткен. Тергеу деректеріне сәйкес, олар шекара бекеттерінің біріне қарулы шабуыл жасауды жоспарлаған.

Арнайы операция барысында үш террористің барлығы залалсыздандырылды. Оқиға орнынан М-16 маркалы үш винтовка, Калашников автоматы, шетелдік өндірістегі үш дыбыс өшіргіші бар тапанша, 10 қол гранатасы, түнгі көру көздеуіші, жарылғыш заттар және өзге де оқ-дәрілер тәркіленді.

— Өкінішке қарай, қарулы қақтығыс пен террорлық әрекеттің алдын алу барысында Тәжікстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Шекара әскерлерінің екі әскери қызметкері — Наврузбеков Зирехбон Нагзибекович пен Қурбанов Исматулло Гуломович қаза тапты, — деп хабарлады баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметінше, соңғы бір айда бұл Ауғанстан мен Тәжікстан арасындағы мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту, қарулы шабуыл және террорлық әрекетке байланысты үшінші оқиға. Бұл оқиғалар салдарынан бейбіт тұрғындар мен әскери қызметкерлер қаза тапқан.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары