Алматыда 12 тұрғын үй кешені тұрғын үй қорына берілмеген – Әлихан Смайылов

/
Алматыда 12 тұрғын үй кешені тұрғын үй қорына берілмеген – Әлихан Смайылов

ҚР Жоғары аудиторлық палатасы төрағасы Әлихан Смайылов Алматы қаласында жүргізіліп жатқан мемлекеттік аудиттің алдын ала қорытындысын жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Аудит 15 ұйым мен 1,6 трлн теңге мөлшеріндегі қаражатты қамтиды.  

Тексеру барысында бірқатар бұзушылықтар мен проблемалар анықталды.

Мысалы, Құрылыс басқармасы 2022 жылдан бастап «Жас қанат» шағын ауданында 7 тұрғын үй кешенін салуды аяқтамаған, сондай-ақ 13,3 млрд теңге сомасына пайдалануға берілген 12 тұрғын үй кешені тұрғын үй қорына берілмеген.

«Бұған себеп – іргелес аумаққа абаттандыру жүргізілмеген. Абаттандыруды аяқтау бойынша уақытылы шаралар қабылданса, кезекте тұрған шамамен 1,5 мың адамды тұрғын үймен қамтамасыз етуге болар еді», — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Қалалық мобильділік басқармасы тасымалдаушыларға субсидия төлеу кезінде көптеген бұзушылықтарға жолберген. Барлығы 2,3 млрд теңге негізсіз төленген.

«Алматыэлектротранс» та өз кезегінде 260 млн теңге сомасына жүргізушілердің әкімшілік айыппұлдарын төлеген. Алайда бұл айыппұлдарды төлеуге міндетті емес», — деп атап өтті төраға.

Сондай-ақ аудит кезінде жалпы құны 64 млрд теңгені құрайтын 628 жаңа автобус пайдаланылмай тұрған. Мұның себебі – айыппұл бойынша қалыптасқан берешекке байланысты құжаттарды ұзақ уақыт бойы ресімдеу.

«Аудит аяқталғаннан кейін отырыс өтеді. Заңбұзушылықтардың сипатына қарай тиісті лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылады», — деп қорытындылады Әлихан Смайылов.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары