С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергенмен кездесу өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Университеттің студенттері мен профессор-оқытушылар құрамы әншімен тікелей жүздесіп, ашық форматта пікір алмасты.
Кездесу аясында ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов Димаш Құдайбергенге мәдениетті дамытуға, жастардың рухани тәрбиесіне қосқан үлесі және Қазақстанның халықаралық имиджін ілгерілетудегі еңбегі үшін ҚазҰМУ-дың Құрметті профессоры атағын табыстады.
Мотивациялық кездесуде Димаш Құдайберген өзінің өмірлік және шығармашылық жолы туралы ой бөлісті. Ол ұлттық мәдениетпен байланысын үзбей, туған тамырын сақтай отырып, әлемдік сахналарға қалай жеткенін баяндады. Өнер иесі адамның жеке болмысына қатысты құндылықтарға ерекше тоқталды:
«Мен адамды ең алдымен рухани байлығымен бағалаймын. Талант пен кәсіби қабілет одан кейінгі нәрсе. Егер ішкі негіз болмаса, қандай жетістікке жетсең де, оның салмағы сезілмейд», – деді Димаш.
ҚазҰМУ студенттеріне арнаған сөзінде Димаш Құдайберген медицина мамандығының күрделілігі мен жауапкершілігін атап өтті:
«Сіздер өте қиын әрі жауапты жолды таңдадыңыздар. Медицина – қателікті кешірмейтін сала. Бұл үздіксіз ізденісті, өз-өзіңе талап қоя білуді қажет етеді. Меніңше, нағыз жұлдыздар - дәрігерлер. Олар күн сайын адам өмірін сақтап қалады», – деді Димаш.
Сондай-ақ өнер иесі студенттерге алдағы емтихан сессиясын сәтті тапсыруға тілектестігін білдірді.
Кездесудің ең әсерлі сәттерінің бірі - Димаш Құдайбергеннің ҚазҰМУ студенттерінен құралған «Дала сазы» ұлттық аспаптар ансамблімен бірлесіп өнер көрсетуі болды. Ортақ орындауда «Адай» күйі шырқалып, сахна мен көрермен залын бір арнаға тоғыстырды.