Елордада Тәуелсіздік күніне орай республикалық қолөнер жәрмеңкесі өтеді

Елордада Тәуелсіздік күніне орай республикалық қолөнер жәрмеңкесі өтеді

Астанада 13-15 желтоқсан аралығында «Astana Mall» сауда-ойын-сауық орталығында «Ұлы дала қолөнершілер керуен көшi» республикалық қолөнер жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды turkystan.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жәрмеңке сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін өткізіледі.

Бұл іс-шара – жай ғана жәрмеңке емес, қазақтың терең тамырлы өнерін, ұлттық нақышын, дәстүр мен заманауи стильді тоғыстыратын ерекше мәдени кеңістік. Мұнда келушілер еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған шеберлердің қолынан шыққан бірегей бұйымдарды көріп, ұлттық өнердің жандануына куә бола алады.

Жәрмеңке аясында: қазақтың төл қолөнер туындыларының көрмесі, ұлттық стильдегі сән көрсетілімі, танымал қолөнершілер мен дизайнерлердің қатысуымен шеберлік сабақтары, этномәдени бағдарлама және авторлық бұйымдарды сатып алу мүмкіндігі ұсынылады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңкенің басты мақсаты – ұлттық өнердің дамуына серпін беріп, қолөнер шеберлерін қолдау және тұрғындарға ерекше этномәдени атмосфера сыйлау.

Қала тұрғындары мен қонақтары үшін кіру тегін. Шара жайлы толық ақпарат: 8 747 140 81 47.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары