Ақтөбе – Алматы бағытындағы ұшақ жолаушының жағдайы нашарлауына байланысты Ақтөбе әуежайына оралды. Кейіннен әйел көз жұмды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қайғылы оқиғаға қатысты видео Telegram-дағы Egov арнасында жарияланды. Онда SCAT әуе компаниясының Алматыға ұшып шыққан ұшағы бір жолаушының жағдайы күрт нашарлағандықтан Ақтөбе әуежайына қайтып келуге мәжбүр болғаны айтылады.
SCAT әуе компаниясының баспасөз қызметі DV712 Ақтөбе – Алматы рейсін орындау кезінде бір жолаушы әйелдің жағдайы кенеттен нашарлағанын растады.
“Кабина экипажы дереу медициналық хабарлау процедурасын бастап, алғашқы көмек көрсетуге кірісті. Сауалға медициналық білімі бар жолаушылар, соның ішінде кардиолог-дәрігер үн қатып, бортсеріктермен бірге реанимациялық шараларды жүргізді. Әуе кемесінің командирі әуежайға қайтып оралу туралы жедел шешім қабылдады. Қонғаннан кейін жолаушы әйел жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды, олар реанимациялық шараларды жалғастырып, кейін оның қайтыс болғанын анықтады”, – делінген хабарламада.
Баспасөз қызметі экипаждың барлық әрекеті жедел, үйлесімді және орнатылған авиациялық және медициналық хаттамаларға толық сәйкес болғанын атап өтті.