Қытайдың Чжэцзян провинциясына қарасты Вэньчжоу қаласында мемлекеттік мекемелердің бірінде қызметкерлер бет-әлпетті тану жүйесін алдаудың тәсілін тапқан. Олар әріптестерінің фотосуреттерін қағазға шығарып, одан «бетперде» жасап, жұмысқа келу-кетуді тіркейтін камераларды алдап соққан, деп жазады SCMP, деп хабарлайды turkystan.kz.
Схема қарапайым болған: бір қызметкер кеңсеге келіп, бет-әлпетті тану құрылғысының алдына кезек-кезек әріптестерінің қағаз маскаларын киіп тұрған. Нәтижесінде жүйе барлық қызметкер жұмыс орнында отырғандай етіп белгілеп отырған.
Бұл жағдайды сол ауданда тұратын тұрғын әшкерелеген. Оның айтуынша, көршілестік комитеттің хатшылығы бірнеше қызметкермен бірге әдейі осындай айлаға барған. Ақпарат құқық қорғау органдарына берілген, тексеріс жүргізіліп жатыр.
Оқиға қытайлық әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, қоғамда электронды бақылау жүйелерінің әлсіз тұстары мен оларды айналып өту мүмкіндігіне қатысты қызу пікірталас туғызды.