Алматы әуежайына 3 келі есірткі алып келген Үндістан азаматы 15 жылға сотталды

/
Алматы әуежайына 3 келі есірткі алып келген Үндістан азаматы 15 жылға сотталды
polisia.kz

Есірткі тасымалдаған шетел азаматына сот үкімі шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алматы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесі "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында ірі көлемдегі есірткі жеткізудің жолын кесті.

Пхукет – Алматы әуе рейсі ұшып келгеннен кейін халықаралық келу залында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 42 жастағы Үндістан азаматы анықталып, ұсталды.

Бұл туралы көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов айтты.

Оның айтуынша, құқық бұзушының багажын тексеру кезінде полиция қызметкерлері жалпы салмағы 2 кг 995 грамм болатын марихуана есірткі затын тауып, тәркіледі.

Аталған дерек бойынша көлік полицейлері сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізді.

– Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты шетел азаматын кінәлі деп танып, оны 15 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті, – деді М.Айтуғанов.

Айта кетейік, 2025 жылдың 11 айында Көліктегі ПД 347 есірткі құқық бұзушылығын анықтады. Оның ішінде 52 сату фактісі, 19 аса ірі көлемде сақтау, 2 қылмыстық топ құру, сондай-ақ 12 контрабанда фактісі. Заңсыз айналымнан жалпы 781 келіден астам есірткі заты тәркіленді.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары