«138 млрд теңге»: Әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорациялар қызметінде қаржылық бұзушылықтар анықталды

/
«138 млрд теңге»: Әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорациялар қызметінде қаржылық бұзушылықтар анықталды

Жоғары аудиторлық палата әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін және олардың өңірлердің дамуына әсерін тексеруді аяқтады. Мемлекеттік аудиттің қорытындысы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен отырыста қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Аудиторлық қорытындыға сәйкес соңғы 5 жылда ӘКК-ге барлығы 528 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты берілген, оның ішінде 288 млрд теңгеден астамы кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеуге арналған. Алайда өңірлердің дамуына әсер ететін инвестициялық жобаларды іске асырудың орнына іс жүзінде ӘКК өздеріне түсетін қаражатты банктегі депозиттерге орналастырады.

Сонымен қатар мемлекеттік қаржыландырудың өсуіне қарамастан, ӘКК жүйелі түрде шығынмен жұмыс істейді. Тексерілген ӘКК бойынша жинақталған шығын 2020 жылмен салыстырғанда 2025 жылдың басында 7 есе өсіп, 209 млрд теңгеден асып түсті.

Дивидендтер төлеу тұрақсыз сипатқа ие. Мысалы, 2024 жылға ӘКК-ден түскен жалпы сома 0,5 млрд теңгеден аз, бұл 2023 жыл қорытындысымен салыстырғанда 4 есе аз.

Аудиторлар ӘКК жеке кәсіпкерлерге қолдау көрсету арқылы таза коммерциялық жобаларға жиі қатысатынын атап өтті.

Мәселен, «Ертіс» ӘКК инвестициялық жобалар деген атаумен 16,6 млрд теңгеге коммерциялық тұрғын үй құрылысын іске асырып жатыр, мұнда аудит барысында 3,3 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды.

«Aqjaiyq» ӘКК-ге инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жер учаскелері берілген, нәтижесінде олар игерілмеген не басқа коммерциялық мақсаттарға қайта бағдарланған.

«Ақтөбе» ӘКК соңғы 3 жылда жалғыз жеке компанияның өндірісін кеңейту үшін несие берген. Тұтастай алғанда, ол мемлекеттен жалпы сомасы 11,2 млрд теңгеге қарыз және субсидия алған. Ал несиені мақұлдау бойынша Жобаларды іріктеу жөніндегі комиссияның құрамына осы фирмаға қатысы бар тұлға қосылған, несие бұзушылықтармен әрі кепіл алмастан берілген.

«Семей» ӘКК-де жобалар қаражатты тез игеру үшін тиісті бағалаусыз және талдаусыз іріктеледі.

Мемлекеттік аудит барысында:

138 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар;

14,5 млрд теңгенің тиімсіз жоспарланғаны;

33,6 млрд теңге бюджет қаражаты мен активтердің тиімсіз пайдаланылғаны анықталды.

 14 факт бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына беру жоспарлануда.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары