Бағлан Бәбіжан – дәстүрлі әнші, сазгер, музыка зерттеуші ғалым. философия докторы. Жетісу, Арқа, Алтай-Тарбағатай әндерін үш ішекті және екі ішекті домбырада орындап насихаттаушы. Оның көптеген әні белгілі әншілердің репертуарынан орын алған. Сонымен бірге ұлттық музыкаға қатысты бірнеше зерттеу кітабы жарыққа шыққан. 2020 жылдан бастап Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Халық әні кафедрасында оқытушы және осы білім ордасындағы фольклорлық ғылыми-зерттеу лабораториясының меңгерушісі болып еңбек етіп келеді. Біз белгілі өнер иесімен сұхбатымызда оның шығармашылығы және қазіргі қазақ музыкасы жайында әңгіме өрбіткен едік.
– Бағлан Жолдасқызы, жұрт сізді дәстүрлі әндерді насихаттаушы, сонымен бірге бірталай танымал әндердің авторы ретінде біледі. Кімнің де болса шығармашылық жолға түсуіне белгілі бір жағдайлар әсер етеді десек, сізде ол қалай басталды?
– Жалпы, өмірін өнерге арнаған адамдардың бәрі бұл жолға ерте кезден түседі деп ойлаймын. Ешкім де бір күнде әнші-күйші болып кете қоймайды. Әрине, өнер деген кімді де болса өзіне тартып тұратын сиқыр ғой, қызықтырады, еліктіреді, тек оны бойында қабілеті барлар ғана әрі қарай жалғастырып әкетеді де, икемі жоқтарға ол жай қызығушылығын оятқан күйде қалады да қояды.
Мен Жамбыл облысы Меркі ауданының тумасымын ғой, туып-өскен мекенім қырғыз еліне іргелес өлке. Сондықтан теледидардан Мәскеу, Алматымен бірге Фрунзе (қазіргі Бішкек қой) телевидениесін де күнделікті көріп өстік. Қырғыз телевидениесінен бауырлас халықтың әндерін көп тыңдайтынмын. Ал Алматы телевидениесінен «Тамаша», «Кеш жарық» бағдарламасынан берілетін қазақ ән-күйлерін беріле тыңдайтынымыз сірә белгілі. Сосын Қазақ радиосынан берілетін концерттерді жібермей тыңдап, одан есіткен әндердің сөздерін тауып алып, домбыраға салып айтқанша тыныш таппайтынмын. Ол кезде қазіргідей емес, теле-радиодан берілетін ән-күйлердің атын, авторларын айтып, одан соң ғана оны кімнің орындайтынын хабарлайтын. Содан әннің атауын біліп алып, соның текстерін бірнеше рет басылып шыққан «Ауыл кеші көңілді» деген ән-жинақтардан іздеп тауып, оны домбыраға салып айту мен үшін міндетті бір іс секілді еді. Мәселен, «Тамашадан» Әлмырза Ноғайбаевтың «Ақсақ киік» әнін орындағанда оның өлеңін сол бойы іздеп тауып алып, домбыраға салып айтып шыққанда, «жаңа ғана телевизордан берілген әнді қалай тез үйреніп айтып жатсың?» деп домбыра тартып, ән айтпайтын әке-шешемнің таңғалғаны әлі есімде. Тағы бірде теледидардан Мақпал Жүнісова апамыз Мұқағалидың сөзіне жазылған «Дариға, домбырамды берші маған» әнін айтқанда оның домбыраның пернелерін басқан саусақтарына қарап отырып, «мынау қиын емес екен ғой» деп, домбыраға бірден салып айтқанымда естігенімді бірден қағып алған қабілетіме ата-анам ерекше сүйсінген. Менің осы құймақұлақтық қасиетімді байқаған әкем маған Алматыдағы музыкалық аспаптар фабрикасынан шыққан домбыраны әперді. Біздің жақта Сусамыр деген жайлау бар еді, сондағы малшыларға түрлі заттар жеткізетін автодүкен біздің ауылға тоқтамай Сусамырға қарай өтіп кететін. Сөйтіп, сол кезде қолға түсе бермейтін заттарды адамдар автодүкеннің ізінен қуып барып, Сусамырдан алып қайтатын еді. Әлгі домбыраны әкем де Сусамырға барып сатып алған ғой. Ол кезде 3 класта оқитын болсам керек, әкем сыйлаған домбыраға қатты қуандым. Ол кезде фабрикадан шыққан домбыраларда түрлі кемшіліктер кездесіп жататын еді ғой, біреуінің мойыны қайқы болса, біреуінің мойыны жуан деген сияқты. Маған әкелген домбыраның мойыны жуандау болды-ау деймін, бір туысқан ағамыз соны әдемілеп жонып, менің қолыма өте ыңғайлы қылып берді. Сөйтіп, сол домбыраны оқушы кезімде қолымнан тастамай, мектепте өтетін концерттерде ән айтып жүрдім. Болашақта әнші болсам деп армандадым.
– Музыкалық білім алуға ертерек талпындыңыз ба? Алғашқы білімді қайдан алдыңыз? Жоғары білім алуға жолыңыз қалай түсті?
– 9-сыныпты бітірген соң музыкалық оқу орнында білім алғым келді. Бірақ біздің облыс орталығында орта арнаулы музы-калық білім беретін оқу орны жоқ еді. Сондықтан біз жақтың талапкерлері Қарағандыға оқуға баратын. Өйткені біз тұрған жер темір жолдың бойы, Қарағандыға барып-қайту қиындық тудырмайды. Мені анам Қарағандыға алып барды. Қараған-дының ар жағындағы Теміртау қаласында анамның сіңлісі тұратын, сол апамыздың үйіне түстік. Келген сапарымыздың мақ-сатын айтқанымызда апа-жездеміз «Ой, Қарағандыға барып қайтесіздер, ол жақта конкурс қатты болады, оқуға түсу қиын, одан да Бағлан осындағы музыкалық училищеде оқи берсін. Мұнда да жақсы білім беретін ұстаздар бар» деген соң Теміртауда қалып, сол қаладағы музыкалық училищенің домбыра класына түстім. 1994 жылы оқуды аяқтап, Теміртау қаласындағы №15 қазақ орта мектепте бір жыл музыка пәнінің мұғалімі болып жұмыс істедім. Ол кезде Теміртау қазағы аз, орыстанған шаһар болатын, қазір енді толық қазақыланды ғой. Мен сонда еңбек етіп қаламын деп ойлағам, бірақ менің өмірімде күтпеген өзгеріс болды.
1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойы елімізде және елімізден тыс мемлекеттерде атап тойланып, жер-жерде соған байланысты түрлі шаралар өтіп жатқан кез болатын. Мен мектептің атынан Абай әндері бойынша өтіп жатқан облыстық әншілер байқауына қатысып, одан екінші орын алып, республикалық байқауға өттім. Сол кезде жюрилер қатарында отырған Қарағанды облыстық филармониясының әншісі Мейірхан Адамбеков ағамыз мені жеке шақырып алып, «Сенің домбыра тартысың да, ән айтуың да жақсы екен, осынша өнермен жай мектептің мұғалімі болып жүру обал ғой. Сен бұдан әрі де жетілу үшін жоғары білім алуың керек, биыл жаздан қалмай Алматыға – консерваторияға бар» деп ақыл айтты. Сөйтіп, сол кісінің ақылымен, Теміртау музыкалық училищесінің дипломымен консерваторияға келіп, Халық әні факультетіне құжат тапсырдым. Неге екенін білмеймін, мен оқуға келген 1995 жылы консерваторияның Халық әні факультетіне жылына бар болғаны 4-ақ адам алынуға тиіс екен, ал талапкерлердің саны 40 адам. Бұл – бір орынға 10 адам таласады деген сөз. Оны консультацияға келгенде бәрімізді жинап алып айтқан сол кездегі Халық әні кафедрасының меңгерушісі Бекболат Тілеухан еді. Төрт орынның біреуіне іліну үшін үш емтиханнан сүрінбей өту керек. Бізден бір жыл бұрын түскендердің саны 6 адам, ал біз түсетін жылы неге 4-ақ адамға грант бергенін түсінбедім. Сөйтіп, үш емтиханды жақсы тапсырған төрт адамның бірі болып консерваторияға қабылдандым. Бірақ оны кездейсоқтық дей алмаспын, өйткені Теміртауда бізді оқытқан ұстаздарымыз мықты теоретиктер болды.
Теміртауда оқығанымда Құралай Шәймерденова деген әнші ұстазым болды. Сол қаланың Мәдениет үйінде көп жыл бойы еңбек еткен адам еді. Ән, домбыра, ансамбль үйірмелерінде сабақ беретін. Ол дәстүрлі ән өнері кең таралған – Павлодар облысының Баянауыл ауданында туып-өскен, халық әндері дәріптелген ортадан шыққан кісі еді. Құралай апаның әкесі Жүніс Шәймерденов – дәстүрлі әнші болған. Ел ішінде ол кісіні «Соқыр Жүсіп» дейді екен, себебі екі көзі туғаннан көрмейтін, зағип болған. Дегенмен Құдай ол кісіге есту қабілетін, дауысты, домбыраны шебер тартатын қасиетті аямай-ақ берген. Жүніс атамыз өмір бойы атақты әнші Естай Беркімбайұлына еріп жүріп, сол кісіге шәкірт болған. Естайдың бүкіл әндерін бойына сіңіріп, соны шәкірттеріне, ұрпақтарына үйреткен. Сөйтіп, маған сондай кісінің қызынан ән үйрену бақыты бұйырды.
Теміртауда мектепте мұғалім болып жүргенде Құралай апайдың ән үйірмесіне қатысып жүрдім. Өзі Қарағандыда фортепиано класын бітіргенімен әкесінен дәстүрлі әндерді көп тыңдаған. Сондықтан әкесінен естіген бірнеше әнді маған үйретті. Оның ішінде Естайдың «Жайқоңыры» бар.
Әрине, маған естіген әндерімді домбыраға салып айтып кете беру қиындық тудырмайды, бірақ ана кісіден елдің ішіне тарай қоймаған, жұрт біле бермейтін тың әндерді үйренгім келді. Себебі консерваторияға ел біле бермейтін әндермен баруға тырыстым. Осы ойымды айтқанда Құралай апа маған бірнеше ән пластинкаларды беріп, осыларды тыңдап, үйреніп ал деді. «Осындағы кез келген әнді жақсы игеріп алсаң консерваторияға түсесің» деп талабымды қолдады. Мен апай берген Манарбек Ержановтың орындауындағы әндер бар пластинкадан «Балқадиша», «Қарғам-ау» секілді әндерді жиі тыңдап үйреніп алдым. Сосын үйренген әндерімді Мейірхан Адамбеков ағайға барып айтып көрсетіп едім, ол кісі «Осы айтқандарың болады, енді оқуға қорықпай бара бер» деп қолдау білдірді. Сөйтіп, 5-6 дәстүрлі әндермен консерваторияға келдім. Ал былайша ансамбльдің, баянның сүйемелдеуімен ән айта берем ғой, сондықтан маған оқуға түсу үшін дәстүрлі әндерді игеру басты мақсат болды.
– Консерваторияда оқуыңыз қалай жалғасты? Қандай қызықты сәттер болды?
– Консерваторияда бізге үлкен әншілерден Қайрат Байбосынов, Сәуле Жанпейісова, Ержан Қосбармақов, Бекболат Тілеухан, Берік Жүсіп ағаларымыз ұстаздық етті.
Оқуға түскен төрт студент едік, оның екеуі бірінші курстан кейін шығып кетті. Оның біреуі – бір жігіт денсаулығына байланысты оқудан шығып кетсе, екіншісі – қыз бала денсаулығына байланысты академиялық демалыс алып, келесі жылы Т.Жүргенов атындағы Өнер институтына ауысып кетті. Сөйтіп, екінші курсқа келгенде өскемендік баритон дауысты әнші Әділ Тұрғанбаев екеуміз ғана қалдық. Әділ аға ол кезде армияға барып келген үлкен азамат. Консерваторияда өтіп жататын жиналыстарға да қатыса бермейді, ондайда екінші курстан жалғыз өзім қатысамын. Менің бір өзім келіп отырғанымды көрген Бекболат аға «екінші курстың 50 пайызы ғана қатысып отыр, қалғаны қайда?» деп ұрсады. Мен Әділ ағаның жоқ екенін білдіргім келмей «ағай жаңа ғана осында жүрген» деп қоям.
Бізден бір жыл бұрын консерваторияға түскен Тоқтар Серік, Ардақ Балажанова, Айгүл Елшібаева, Айгүл Мақашева, Сержан Мұсайыновтар 5 жылдық бағдарламамен түскен, ал олардан кейін түскен біздер 4 жылдық бағдарламамен оқыдық. Сөйтіп, біз өзімізден бір жыл бұрын түскендермен қатар оқып бітіретін болып, қызық жағдай болған. Ал біздің курста 1-курста 4 адам, 2-курста 2 адам, 3-курста академиялық демалыстан бір қыз келіп 3 адам болсақ, 4-курсқа келгенде 4-5-курс қосылып 9 адам болып оқып, 1999 жылы консерваторияны 9 әнші болып бітіріп шықтық. Ұстаздарымыз «Мәссаған, биылғы курс керемет болды, консерваторияны 9 адам бітіріп жатыр» деп қуанып жүретін. Қазір енді дәстүрлі өнерге қолдау күшті ғой, соның арқасында жыл сайын 20-дан аса әнші оқу бітіріп жатыр.
Консерваторияда біз әншіліктен өзге этносольфеджио мамандық бойынша да сабақ алдық. Бұл халықтық музыканың негізінде құралған сольфеджио сабағы. Сол сабақта әннің құрылымын талдап, әнді қалай шығаратынын көрсетіп, импровизация жасауды үйретеді. Әуен құрауға, ән шығаруға тапсырма береді. Оның пайдасы – қабілеті бар студенттердің сазгерлік қасиетін ұштайды. Этносольфеджионың арқасында кейін осы сабақты жақсы игергендердің талайы ән шығарды, мысалы Тоқтар Серік кейін көптеген жақсы әннің авторы атанды. Менің өзім консерваторияны бітірген соң ән шығара бастадым. Сол кезде шығарған көптеген әнімді әркімге айтуға берем, кейбіреулерін тіпті есімнен шығып та кетті-ау деймін. Менің алғашқы әндерімді айтып жүргендер арасында «баяғыда маған мынадай әніңді беріп едің ғой, соны әлі айтып жүрмін ғой» деп хабарласып жататындар бар.
– Алғашқы шығарғандарыңыздың ішінде қандай танымал әндеріңіз бар?
– Ерекшелеп айтсам, алғашқы әндерімнің ішінде халыққа кең таралғаны – «Ал құрбым» деген әнім болды. Ол консерваторияның жатақханасында бірге тұрған, қазір Астанада тұратын белгілі әнші Клара Төленбаева құрбыма арналған ән болатын. Клара оқуды бітірген соң Алматыда бір жыл жұмыс істеді де, Астанаға ауысып кетті. Президент оркестрінде әнші еді, оркестр елордаға көшкенде ол да сол жаққа барды. Ол кеткен соң жатақханада бір жыл бойы бір өзім тұрдым. Досымды сағынып жалғызсырап жүрген күндердің бірінде кеште ыңылдап отырып шығарған едім. Алғашқы мәтінін өзім жазып, домбыраға салып айтып, солайша Клараға жібердім. «Мынадай ән шығардым, осыны сен жаттап алып, сол жақта бір ақынға сөз жаздыр» дедім. Клара оны сырнайға салып айтып үйреніп, жолдасы Медет Салықов екеуі Несіпбек Айтов деген ақын ағамызға барыпты, «құрбым мынадай ән шығарған екен, осыған өлең жазып беріңіз» деп. Несіпбек аға Клараға қайта-қайта айтқызып тыңдапты, «өлеңін жазып бітем дегенше көп қайталағаным сондай, әнді сен жазған сөзбен неше рет айтқанымды да ұмытып қалдым» деп күледі Клара. Әрине, Несіпбек аға ән сөзін керемет жазған, арасында «Жолы қиын жұмбақ тағдырдың» деген мен жазған мәтіннен де сөздер кіргізілген. 2002 жылы Клара Семей облысының (қазіргі Абай облысы ғой) Ақсуат ауданынан Аягөз ауданына ұзатылды. Сол кезде мен эстрадалық мәнерде әрленген осы «Ал құрбым» әнімді досымның ұзату тойында орындадым. Шынын айтқанда, ол кезде қазіргідей қызды әнмен ұзату деген жоқ еді, ешкім маған ондайды айтпады, ол өзімнің ойыма келген нәрсе еді.
Сосын Алматыға келген соң «Ал құрбымды» өз орындауымда радионың көркемдік кеңесіне ұсынып едім, олар бірден қабылдап, жарты жыл бойы эфирден жиі беріп тұрды. Ән жұртқа ұнады, елден көп жылы сөз естідім. 2003 жылы бұл әнді радиодан естіген Қарақат Әбілдина маған хабарласып, «Сенің бір тамаша әнің радиодан айтылып жатыр екен, біз Мәдина Сәдуақасова екеуміз достар туралы айтылатын әнді іздеп жүр едік, мына әнің біздің ойымыздан шықты. Осы әнді біз айтайықшы» деп өтініш жасады. Рұқсатымды бердім, сосын олар Паша Ли деген қызылордалық кәріс жігітке әннің әрлеуін қазақы нақышта керемет қылып жасатыпты (Паша – кәріс ұлтының өкілі болса да, қалың қазақтың арасында өскен, таза қазақша сөйлейтін, қазақы сазды миына әбден сіңіріп алған азамат). Сөйтіп, сол жылы «Ал құрбымды» Қарақат пен Мәдина алғаш рет Республика сарайында айтып шықты. Одан кейін қаншама әуесқой әншілер бұл әнді үйреніп алып қыз ұзату тойларында айтып жүрді. Сосын қырғыздың қос әншісі, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері – Олия Руцкая мен Тамара Каримова әнге қырғызша мәтін жаздырып орындады. Кейін олар әнге клип түсіріп, әнді қырғыз еліне керемет танымал етті. Қазір Юлия Руц-каяның өзі жеке орындап жүр, ол әнді қырғыз қыздарының ұзатылу тойларында айтып, апта сайын соның видеосын әлеуметтік желіге салса мені белгілеп, авторы екенімді көрсетіп отырады. Юлия ұлты беларусь болса да қырғыз әншісі болып кеткен тамаша өнерпаз.
– Тамаша екен! Бір ғана әннің осынша кең таралып, халыққа ұнап, атын шығарғаны сазгер үшін мәртебе ғой! Енді өзге де әндеріңіз туралы айтып отырсаңыз. Арнайы тапсырыспен ән жазып көрдіңіз бе?
– Әрине, өнерде ондай жағдайлар кездесіп тұрады ғой. Мәселен, Қарақат Әбілдина эстрада енді келіп жүрген кезінде маған «Менің әзірше Қыдырәлімен айтатын дуэттерім бар, маған жеке әнші ретінде айтатын ән керек» деп, маған ән жазуға тапсырыс берді. Ол кезде радиода музыкалық хабарлар редакторы болып жұмыс істеп жүргем. Ән туралы ойланып жүргенімде бір күні сазы ойыма келіп, оны ұмытып қалмайын деп, жұмысқа жеткен бойы радиодағы дыбыс жазу студиясына барып жазып қойдым. Әннің атын «Ару-ғұмыр» деп атадым. Сосын сол кезде радиода бірге жұмыс істейтін ақын Нәзира Бердалыға барып, «әйелдер тақырыбына мынадай ән шығарып едім, сен осыған лайықтап өлең жаз» деп едім, ол «жарайды, ойланайын» деп келісім берді. Ал ән құрылымы күрделі еді, әннің әр шумағы үш жолдан тұрады және шумақтағы буын сандарында өзгешелік бар. Нәзира да бұл тақырып жайында ойланып жүр екен, келесі күні әннің бар сазына дәл түсетін өлең жазып әкепті. Әннің сөзі әуеніне қабысып жатқан жұп-жұмыр дүние болыпты. Бірақ елдің құлағында ән шумағындағы «Мен – әйелмін, әлемнің анасымын» деген сөздер сіңіп қалғандықтан болар, жұрттың көбі әннің «Ару-ғұмыр» деп аталатынын естен шығарып, «Мен әйелмін» деп атап кетіпті. Сондықтан жақында шыққалы жатқан 21-әнімнің нотасы мен мәтінінен құралған кітабымды «Ару ғұмыр» деп атадым. Сол арқылы әннің шын атауын елдің білгенін қаладым.
– Қалай ойлайсыз, бұрын телерадио эфирлерінде болсын, концерттерде болсын, әнші орындамас бұрын әннің атауы, әнді шығарған композитор мен өлеңін жазған ақынның аты аталғаннан кейін барып орындаушының аты-жөні айтылатын. Қазір ондай емес, пәленшенің әні, түгеншенің әні деп әнді әншіге тели салады. Осындай жөнсіздіктің кесірінен тамаша ән тудырған композиторларымыздың еңбегі тасада қалып жатқан жоқ па?
– Әрине, ол дұрыс емес. Қазір бұл мәселеде әншілер алдыңғы қатарға шығып кеткен, сондықтан әндерді әншілердің өздері шығарып айтып жатқан секілді әсер қалдырады. Соның кесірінен жұрт композиторларды танымайтын дәрежеге де жетіп қалған секілді. Насихаты болмаса, концерттерде аты аталмаса композиторларды кім біледі? Алдағы кезде осы олқылық жөнделер деген үмітіміз бар.
Кейде тойларда өз әндерім айтылып жатады. Сондайда «бұл әнді кім шығарғанын білесіз бе?» десем, «білмеймін ана әнші айтады ғой» деген жауап естимін. Бұл – ән авторы үшін қолайсыз жағдай.
Кеңестік дәуірде ең алдымен ән авторлары жақсы насихатталатын. Сондықтан тамаша ән жазған мықты композиторлар, олардың әндеріне сөз жазған ақындар керемет танылды. Әншілер негізінен орындаушы ретінде аталып, өздері орындаған ән авторларынан жоғары көрсетілмейтін. Ал қазір соның бәрі керісінше. Интеллектуалдық меншік құқы заңмен қорғалатын заманда музыкалық туындылардың авторлары барлық жерде көрсетіліп, аталуы керек.
– Әншілік, композиторлық қырыңыздан біраз хабардар болдық, енді зерттеушілік қабілетіңіз жөнінде сұрағым келіп отыр. Бірнеше зерттеу кітаптарын шығарыпсыз, музыканы зерттеу саласына қалай келдіңіз, оған не түрткі болды?
– Консерваторияда дәстүрлі әнші ретінде білім алып жүрген кезде Бекболат Тілеухан ағай менің зерттеушілік қабілетім барын байқап, «Қазір эксперимент ретінде «Музыка зерттеуші» екінші мамандық тегін оқытылып жатыр, соған қатыс» деп, мені зерттеушілікке тартқысы келді. Сөйтіп, мен консерваториядан әншілікпен бірге музыка зерттеуші мамандығын алып шықтым. Менімен бірге бітірген 8 студент өз мамандықтарына сай Дәстүрлі ән кафедрасында диплом қорғаса, мен екі факультетте екі мамандық бойынша жеке-жеке диплом жұмысын қорғадым. Зертеушілік бойынша қорғаған диплом жұмысымды қара өлең тақырыбы бойынша қорғадым. Біз консерваторияны бітіріп жатқан тұста «Сорос-Қазақстан» қоры жаңа зерттеу жұмыстарына грант жариялаған екен, мен соған диплом жұмысымның қолжазбасын ұсынып, ол консерваториядан грантқа ілінген екі еңбектің бірі болды. Негізінде, бұл грантқа «сенің диплом жұмысың соны зерттеу, «Сорос-Қазақстан» жариялаған конкурсына ұсын» деп ақыл берген ұстазым Саида Еламанова болатын. Сөйтіп, диплом жұмысым 2002 жылы «Қазақтың жүз қара өлеңі» деген атпен басылып шықты. Ол кітапты осындағы ұстаздар әлі күнге оқу барысында жиі пайдаланып жүр.
Консерваторияда бір жыл жұмыс істеген соң Қазақ радиосына ауысып, музыкалық хабарлар редакциясында еңбек еттім. Сонда жүріп жеке тұлғаларға арналған «Тарланбоз», жалпы дәстүрлі музыкаға арналған «Мәңгілік сарын» деген, қазақ радиосының алтын қорында жатқан ерте кездегі жазылған таспалардағы әндерді тауып, солардың орындаушыларды елдің есіне салатын «Асыл қазына» бағдарламаларын жүргіздім. 2010 жылы ТМД көлемінде хабар тарататын «Мир» телеарнасына Қанат деген режиссер ағамыз дәстүрлі өнер бойынша бағдарлама жасауға шақырды. Сөйтіп, «Мир» арнасында бір жылдың ішінде «Мирас» бағдарламасының 36 хабарын экраннан көрсеттік. Одан соң П.Чайковский атындағы музыкалық колледжде мұғалім болдым. Бірақ зерттеушілікке қайта аңсарым ауып, 2017 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының докторантурасына түсіп, оны Айжан Бердібаева жетекшілігімен бітірген соң 2020 жылы Халық әні кафедрасына оқытушы болып қабылдандым. Докторантурада оқып жүріп 2018-2019 жылдары екі рет Жамбыл облысы бойынша экспедицияға шығып, ел арасынан музыкалық мұраларды жинадым. Менің докторантура бітіргенде қорғаған жұмысымның тақырыбы «Жетісудың оңтүстік-батысындағы ән фольклорының қазіргі жағдайы» еді. Жетісу аумағы негізінен оңтүстік-батыс және солтүстік-шығыс деп бөлінеді. Солтүстік-шығысы Алматыдан Талдықорған, Семейге дейінгі аумақ болса, оңтүстік-батысы Алматыдан Таразға қарай созылған аумақ. Мен Жетісудың Алматы мен Тараз арасындағы ауылдардың музыкалық фольклорын жинап зерттедім. Соның нәтижесінде өзім туған аудан бойынша жиғандарым саралап, «Меркі өңірінің ән фольклоры» деген кітап шығардым. Кітапқа ел арасындағы тапқан әндерімді нотасымен жарияладым және информаторлар туралы толық мәліметтер бердім. Мәселен, информаторлардың руларын да жазып отырдым. Оның неге керегі бар дейсіз бе? Мәселен, өзге жақта тұрған бір рудың қызы келін болып түскен жеріне өзі бала жастан естіп миына сіңген әнді алып келіп таратады. Сөйтіп, осылай қазақ әйелдері арқылы қазақ музыкалық мұралары бүкіл далаға жайылған деуге болады. Өйткені балаға бесік жырын айтса да әйелдер жас кезінде өз ауылында естіген бесік жырын айтады. Әнді де солай, өзіне таныс әнді айтады.
Менің информаторларымның арасында неше түрлі тағдыр иелері бар. Мәселен, маған «Сайра, бұлбұл» деген әнді және бірнеше сыңсу әндерін айтып берген Шарафутдинқожаева Рахима апамыз 1939 жылы Қытайдың Құлжа аймағында туған, ұлты өзбек. Бірақ қалың қазақтың ішінде өскендіктен жасынан қазақша ән айтып өскен, тіпті айтысқа да түскен. 20 жасында ата-анасымен Бішкекке көшіп келіп, сол жақта меркілік Боқан Хасанбаев деген жігітпен танысып отбасын құрған. Қазір Меркі ауданының Андас батыр ауылында тұрады. Міне осылайша, Қытай жерінде туған өзбек қызы бізге сол жақтың қазақтары айтқан әндерді жеткізіп беріп отыр. Қызық құбылыс емес пе!
Жақында «Жетісудың оңтүстік-батысындағы ән фольклорының қазіргі жағдайы» басылып шықты. Бұл да менің зерттеушілік еңбегімнің үлкен бір нәтижесі дер едім.
– Әңгімеңізге рахмет! Шығармашылық табыс тілеймін!
Сұхбаттасқан
Ахмет ӨМІРЗАҚ