Елге қызмет ету үлгісі

Елге қызмет ету үлгісі

Ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының: «Жігітте де жігіт бар – азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар – қазанаты бір бөлек», деген терең мағыналы сөзі бар. Қазақтың байырғы жылқы тұқымдарының ішіндегі ең асылы – қазанат болса, сол қазанатты іздеп, қазақ даласын шарлаған санаулы тұлғалардың бірі – Сәдібек Түгел.

Бұрынғы қазақты жылқымен егіз де­сек, бүгінде сол рухани сабақ­тас­тық Сәдібек пен қазанат арқылы жалғасып тұрғандай. Өйткені Сәдекең – қазанаттың қадір-қасиетін зерттеп, ұлт жадында қайта жаң­ғыртқан, сол арқылы ұлттық рухтың түп-тамырына үңіле білген тұлға. Біз де ке­рісінше, Сәдібек арқылы табиғаттың ыс­тық-суығына төзімді, рухы биік қазақы жыл­қының шынайы болмысын таныдық.
«Қайдасың, қазағымның қазанаты?!» деп ұлт­тың рухани өзегін іздеген қаламгер елдік пен ерліктің ізіне түсті. Бүгінде жетпіс жас­тың биігіне көтерілген С.Түгелдің еңбегі – елге қызмет етудің жарқын үлгісі.
Ұлтты ұлттан не ерекшелейді? Әрине, бұл туралы түрлі пікірдің, түрлі тал­қының орын алуы табиғи. Бірақ бір нәрсе анық: халық өзінің бастан кешкенін, жи­наған рухани тәжірибесін салт-дәстүр дең­гейіне көтеріп, оны ұрпағының бойына сіңі­ре білгенде ғана дараланады, өзгеден оза­ды.
Қазақ халқының айрықша болмысы да жүйрік атпен астасқанда ерекше айқын­да­лад­ы. Өйткені жылқы – қазақтың тек тұр­мы­сына емес, рухани кодының өзегіне ай­на­л­ған құндылық. Осы тұрғыдан алғанда, айтылар сөзіміздің Сәдекең тұлғасына тірелуі заңдылық.
Сәдібек Түгелдің қайраткерлік болмысы мен шығармашылық қуатының түп негізі – атбегілік өнерге, ұлттық спортқа және ру­ха­ниятқа деген шынайы жанашырлық. Ол көне дәстүрді заман талабына сай жаң­ғыр­тып, ат баптау мәдениеті мен ұлттық спорт түрлерін дамытуға айрықша үлес қосты. Хал­қымыздың ғасырлар бойғы рухани тә­жірибесін зерттеп қана қоймай, оны нақты істерімен алға бастырып, ұлттық құнды­лық­тың жаңа тынысын ашуға жол салды.
Әдеби-публицистикалық еңбектерінде де ұлттың рухани тұтастығын, адамгершілік пен отаншылдық идеясын көтеріп, қай мә­селені қозғаса да, қазақ болмысының биік парасатын айшықтап отырды.
«Қайдасың, қазағымның қазанаты?» деректі повесінде жылқы – қазақтың руха­ни әлемінің айнасы, ұлттың тектілігі мен еркіндік рухының символы ретінде бей­не­ленеді. 
Автор қазанатты іздеудің мәнін былай­ша ашады: «Қазанат – халқымыздың қана­ты, қорғаны, айбыны, рухы. Қазанаты бар халық ешқашан қор болмайды». Бұл сөзден түйе­тініміз – Сәдібек ағаның басты мақсаты қазақты өзінің байырғы кемел рухымен та­быс­тыру.
Жазушы кең даланы кезіп, қазанаттың шығу тегін, мінезін, түр-түсін, бітім-бол­мы­сын зерттейді. Даланың көнекөз атбе­гі­лерімен сырласып, халық жадындағы аңыз­дар мен фольклорды жинай отырып, ұлт тарихының ат тұяғы тиген ізін қайта жаң­ғыртады.
Повесть деректілік пен көркемдікті ше­бер ұштастырады. Ауыл ақсақалдарының естелігі шығарманың рухани тереңдігін арттырып, оқырманды қазанат тағдыры арқылы қазақтың тағдырына жетелейді.
Жылқының төзімділігі мен еркін болмысын сипаттау арқылы автор ұлттың ерлік дәстүрі мен еркіндік рухын биік өреге көтереді. Туған жерге сүйіспенші­лік пен табиғатты аялау идеясы да ерекше өр­нек­телген. 
Қазанатты іздеу сапары арқылы туған то­пыраққа құрмет, табиғатқа сүйіспеншілік, экологиялық сана ұғымының маңызын ашады. Яғни, даланың иісін аңқытып, оқыр­ман жүрегіне ел мен жерге деген сағыныш сезімін ұялатады.
Бұл туынды – жай жылқы туралы шы­ғарма емес, ұлттың өз тамырына, рухани бас­тауына үңілуге шақырған рухани үндеу. 
Сәдібек Түгелдің өзі: «Атбегілік – рухы­мыз­ды көтеретін өнер. Ұлттық ат спорты – жастарды отансүйгіштікке баулитын құрал», – дейді. Әрі бұл сенім оның өмірлік ұста­нымына айналғанын көреміз.
Шығыстағы Ұлан өңірінде белгілі атбегі Мәрсек пен Райымжанның ауылында туып-өс­кен Сәдібек жастайынан «Бәйгеторы» ат­ты жүйріктің үстіне шыбын қондырмай баптап, бәйгеге қосқанын көріп өседі. Ауыл ақсақалдарынан «Астыңғы ерні жер тіреп, үстіңгі ерні көк тірейтін» тұлпарлар туралы естіп, аттың киесін, қасиетін бойына сіңір­ді.
Түгелдің кенжесі болған ол бала күні­нен-ақ жирен айғырға мініп, әке­сімен бірге жайлаудың кең төсін еркін кезді. Сол кездерден-ақ аттың жүрісі мен шабы­сын, мінезі мен қимылын қалт жібермей бақылайтын. Оның жадында әсерлі сақтал­ған бір сәт – асауды құрықтап тақымға ба­­сып, ерікке көндірген шақтар. Сол тұс­та­ғы даланың дүбірі мен тұлпардың екпіні – өмірдің өз өрнегіндей, жастық рухының ай­ғағындай әсер қалдырған.
Сол балалық таным оның өмірлік ұста­нымына айналып, ат спортының дамуына бағытталған бастамаларға ұйытқы болды. Ұлттық спорттың өркендеуіне сіңірген еңбегі – бір дәуірдің шежіресі іспетті.
Ұлан аудандық газетінің бас редакторы кезінде-ақ ол бәйге мен ұлттық ойындарды тұрақты жариялап, атбегілер еңбегін насихаттады. Кейін ірі қалаларға қызмет ауыстырса да, ұлттық спорт мәселесіне деген алаңдаушылығын үзген емес.
Осы ұмтылысы оны «Қазақ атбегілерінің кодексі», «Ұлттық спорттың гүлденуі» бағ­дарламасы және «Ұлттық спорт туралы» заң жо­басын әзірлеуге жетеледі. Мемлекеттен қар­жы алмай-ақ, қоғамдық негізде 27 республикалық федерация мен 600-ге жуық өңірлік бөлімшенің құрылуына мұрындық болды.
Ол әр жылдары ат спорты жарысын жүйе­леу, ережесін бекіту, халықаралық бай­ла­­ныстар орнату ісінде де ерекше еңбек етті.
1995 жылдың 10 қаңтарында атбегі Сәдібек Түгел ұлттық ат спорты жарыстарын бір жүйеге келтіріп, арнайы ережелер бойынша өткізу қажеттілігін хатқа түсіріп, сол кездегі Жастар ісі, туризм және спорт министрлігіне жолдады. Бұл қадам ұлттық спорттың дамуына бастама болды.
1996 жылдың 1 наурызында бүкіл қа­зақстандық атбегілердің алғашқы құрыл­тайы өтті. Онда Сәдібек Түгел, Елсияр Қана­ғатов, Қилан Нұртазинов, Кендебай Әбішев және басқа да мамандар Ұлттық ат ойындарының ережесін талқылап, бекітуге күш салды. Сол жылдың 18-26 қыркүйегінде Мажарстанда ұйымдастырылған Әлем шабандоздарының І фестиваліне 23 елден делегация келіп, көкпар, қыз қуу, аударыс­пақ, теңге ілу сияқты ұлттық ойындарды көр­сетті.
1997 жылдың 25-27 қарашасында Алма­тыда атбегілердің кеңесі өтіп, ат спор­ты ере­желері жетілдіріліп, 1998 жылы ат жа­рыс­тарының күнтізбесі бекітілді. Сол жыл­дың 23 желтоқсанында Сәдібектің «Атбегі» атты деректі фильмі республикалық те­леарнадан көрсетілді, бұл – ұлттық спортқа деген рухани үндеудің көрінісі болды.
1999 жылы 7 сәуірде Астанада Ұлттық ат спорты федерациясының І съезі өтті, басшылық құрам сайланып, С.Түгел бас хатшы болып бекітілді. 
2000 жылдың 20-21 сәуірінде Астанада өткен Федерация семинарында ұлттық спорт түрлерін өңірлерде дамыту мәселесі кеңінен талқыланды.
2001 жылдың 15-16 ақпанында Фе­дера­ция­ның ІІ съезі ұйымдастырылып, кейбір ұлттық спорт түрлері бөлек федерация ретінде құрылды. 
2003 жылдың 4-5 мамырында Алматыда Қазақстан атбегілері мен Ат спортының одағы құрылып, басшылыққа Сәдібек Түгел сайланды. Сол жылдың 20-21 мамырында Тараз қаласында көкпардан тұңғыш Орта Азия чемпионаты өткізілді.
2004 жылдың 15 мамырында Алматыда сегіз федерацияны біріктірген Ұлттық ат спорты түрлерінің Ассоциациясы құрылып, Сәдібек Түгел вице-президент болып сайланды.
Бұл айтылғандар – тек үлкен жетіс­тіктердің хронологиясы ғана. Олар­дың артында, көрінбей қалған, бірақ ұлт­тық спорттың өркендеуіне зор үлес қосқан сансыз бастамалар мен қажырлы еңбектер жатыр.
Шыны керек, оның осындай ұйымдас­тырушылық және бастамашылдық еңбегі әлеуметтік санамызды өсіріп, рухани дүние­мізді шыңдай түсті, өз болмысымызды тереңірек тануға жол ашты. Мұны азамат­тық ерлікке, адамдық жауапкершілікке ба­лауға толық негіз бар.
Сәдібек ағаның қабілет-қасиетін сөз еткенде, оның баспасөз саласындағы ұйым­дастырушылық және рухани-мәдени істер­дегі іскерлігін айтпай кету мүмкін емес.
­1998 жылы ол Астананың тұңғыш бас­пасөз хатшысы болып тағайындалып, елор­даның ақпараттық кеңістігін қалып­тас­тыруға белсене кірісті. Ол халықаралық баспасөз орталығын ашып, жүйелі брифинг­тер мен кездесулер ұйымдастыру арқылы жаңа дәуірдің ақпараттық мәдениетіне жол ашты. Бұл қадам қала тарихында маңызды бетбұрысқа айналып, елордалық БАҚ жүйе­сінің іргетасын қалауға үлкен үлес қосты.
Сонымен қатар қарымды қаламгер ре­тін­де қаланың рухани келбетін қалып­тас­ты­ру­ға зор үлес қосып, Астанаға арналған он­нан астам кітапты баспаға берді. «Астана хи­­кая­лары», «Көк күмбезді Астана», «Астана – жерұйығы елімнің», «Алғашқы астаналық­тар» еңбегі арқылы қаланың мәдени және тарихи бейнесін дәріптеді. Әр кітапта қала тарихының қалыптасуы, тұрғындарының ерлікті іс-әрекеттері мен рухани ізденістері көркем тілмен суреттеліп, оқырманға Аста­наның ерекше бейнесін сездіруге мүмкіндік береді.
Сәдібек Түгел Марат Нәбиевпен бірлесіп «Ұлы Дала қырандары» республикалық қо­ғам­дық қозғалысын құрып, ұлттық рухты көтеруге, адамгершілік пен мәдени құнды­лықтарды дәріптеуге ерекше күш салды. Ұйым «Ұлы дала – ұлттық рух!», «Ауыл – алтын бесігіміз», «Туған табиғатты аялайық» сияқ­ты ауқымды акцияларды жүзеге асы­рып, қоғамды отансүйгіштікке, табиғатты қорғауға және ұлттық мұраны бағалауға үндеді.
Рухани майданда алға шығу үшін талантпен қатар терең білік те, асыл кі­сілік те қажет. Сәдібек Түгелдің өнері оның кісілігімен, кісілігі азаматтық болмы­сымен ұштасып жатыр. Сол себепті ол әр ісінде дараланып, үлгі көрсетіп келеді. Қыс­қасы, ұлттық мұра мен рухани құндылық­тарды сақтап, дамыту жолында елге адал қызмет етудің жарқын өнегесі...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары