«Емделгім келмейді»: Танымал әнші қатерлі ісікке шалдыққанын айтты (ВИДЕО)

/
«Емделгім келмейді»: Танымал әнші қатерлі ісікке шалдыққанын айтты (ВИДЕО)
Видеодан скриншот

Қазақстандық әнші, актриса және продюсер Нора Нұғман (Нұргүл Нұғманова) Тимур Балымбетов жүргізетін бағдарламада өзінің ауыр дертке шалдыққанын жасырмай айтты, деп жазады turkystan.kz.

Оның айтуынша, екі жыл бұрын денесінде күмән тудырған өзгерісті байқап, тексерілуге барған сәтте қатерлі ісік диагнозы қойылған.

Нора бұған дейін денсаулығына мүлде көңіл бөлмегенін жасырмады.

«43 жыл бойы бір рет те толық тексерілмеппін. Омырауымда түйін пайда болды, содан кейін ғана дәрігерге бардым. Тексеріс нәтижесі қатерлі ісік екенін көрсетті. Барлық анализдерді тапсырдым, диагноз расталды. Бірақ мен өзім оны фиброаденома деп ойлаймын, өйткені дәрігерлерге деген сенімім азайды. Алғашында қатты қорқып, айтқан емнің бәрін қабылдадым. Жағдайым жақсарды. Химия алып жүрген кезде мені жұмыс қана жігерлендірді», – дейді ол.

Әнші алғаш ем қабылдаған кезде аурудың уақытша бәсеңдегенін айтады. Алайда біраз уақыттан кейін қайта асқынып, денсаулығына әсер ете бастаған.

«Қазір рецидив. Түйін бұрынғыдай кішкентай емес, лимфа безіне де тараған. Бірақ мен оған қарсы ешқандай ем қабылдап жатқан жоқпын. Ойымды басқа жаққа бұру үшін концерт қоюды ұйғардым. Қазір бар уайымым — концерт», – деді Нора Нұғман.

Өнер иесі биыл ем-шаралардан толық бас тартқанын да ашық жеткізді. Оның айтуынша, ауруханада уақыт өткізу немесе химиятерапияны қайта бастау – өзінің таңдауы емес.

«Көп адам “Қалай бұлай жеңіл жүресің?” деп сұрайды. Бұл – менің таңдауым. Әркімнің өзіне берілген уақыты бар деп ойлаймын. Ауруханада жатқым келмейді, қайтадан химия қабылдағым келмейді. Бұның бәрін бастан өткердім. Құрбыларыма концерттен кейін денсаулығымды қараймын деп уәде бергенмін. Бірақ рецидив туралы естіген соң, өзім үшін шешім қабылдадым — емделгім келмейді», – дейді өнер иесі.

Нора Нұғман қазіргі таңда өмірді Алланың қолына тапсырғанын айтады.

«Мен бүгінмен, осы сәтпен өмір сүріп үйрендім. Бұл маған жеткілікті. Шешімді ойланбай қабылдаған жоқпын. Тағдырымды Аллаға тапсырдым. Қашан алатынын өзі біледі — бұл оның еркі. Әрине, бәріміз ұзақ өмір сүргіміз келеді. Бірақ мен дәл қазір өмір сүруді таңдадым. Менің емім — музыка. Менің қуатым — жұмысым. Мүмкін, бұл дұрыс шешім емес шығар, бірақ жүрегім осылай дейді», – деді ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары