«AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанаты Жезқазған қаласында «Әйел рухы – табысқа жетелейтін күш» атты форум ұйымдастырды. Іс-шараға 200-ге жуық әйел қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен өткен өңірлік әйелдер форумында өндірістегі әйелдердің рөлі, еңбек адамының мәртебесі және әйелдердің көшбасшылық әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды. Жиында еңбек үздіктері, түрлі сала мамандары мен қоғам белсенділері әйелдердің ел дамуына қосатын үлесі туралы сөз етті.
«AMANAT» партиясының Хатшысы, партия жанындағы Әйелдер қанатының төрағасы Шолпан Каринова әйелдердің қоғамдық-саяси және экономикалық өмірдегі жауапкершілігі артып келе жатқанын атап өтті.
«Әр өңірдегі әйелдер мәселесінің шешілу барысын нақты бақылау үшін біз Әйелдер қанатының барлық есебін жеке-жеке тыңдап, нәтижелерін жүйеледік. Бұл нақты түйткілдерді дер кезінде анықтап, оларды шешуге мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – сайлауалды бағдарламада көрсетілген бастамалардың, соның ішінде әйелдерге қатысты бағыттардың толық орындалуын қамтамасыз ету. Сол арқылы әйелдердің әлеуметтік, экономикалық және қоғамдық-саяси өмірге қатысу мүмкіндігін кеңейту», – деді Шолпан Каринова.

Облыс әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова әйелдің қоғамдағы рөліне тоқталды.
«Ұлытау облысы – өндіріс аймағы. Мұнда «Kazakhmys» корпорациясына тиесілі кен орындары, зауыттар бар. Олардың барлығында ер адамдар мен қатар нәзік жандылар да еңбек етеді. Бұл – әйелдің жан-жақтылығын, төзімділігін көрсетеді», – деді ол.
Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты облыстық филиалының кеңесшісі Гүлмира Қаженова өңірдегі әйелдердің белсенділігі мен жүзеге асырылып жатқан бастамалар туралы айтты.

«Бүгінде Ұлытау өңіріндегі әйелдер әлеуметтік, экономикалық және қоғамдық бастамаларға белсенді қатысып, ел дамуына өз үлесін қосып отыр. Әйелдер қанатының бастамалары тек орталық деңгейде емес, ауыл-аймаққа дейін жетуі маңызды. Сол кезде ғана біз нәтижелі саясат қалыптастыра аламыз», – деді депутат.
Сонымен қатар ол алдағы уақытта жергілікті деңгейде әйелдердің әлеуетін дамытуға бағытталған жаңа жобалар мен оқыту бағдарламалары іске асырылатынын жеткізді.

Өз сөзінде медиа-менеджер, журналист, партияның белсенді мүшесі Әйкерім Есенәлінің айтуынша, форум әйелдердің қоғамдағы рөлін айшықтауға мүмкіндік беріп отыр.
«Барша әйел қауымына басымды игім келеді. Әйелдердің жаны да, рухы да мықты екенін бәріміз білеміз. Елімізде әдемі үрдіс қалыптасқан – еңбек әулеттерінің сабақтастығы. Осы Ұлытау жерінде де сондай әулеттер бар екенін білемін. Бірнеше отбасында кеншілер, байытушылар, металургтер, теміржолшылар ұрпақтар сабақтастығы жалғасып келеді. Бұл отбасылардың берекесін сақтап, отын жылытатын – біздің дана аналарымыз бен қыз-келіншектеріміз», – деді ол.
Форум соңында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, жаңа идеяларын бөлісті. Сонымен қатар бірқатар белсенді әйелге партияның Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің Алғыс хаты табысталды.
