Түркістан облысының әкімдігі 12 адам қаза тапқан жеке үйдегі өрттен зардап шеккендердің жағдайы туралы ақпарат берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Хабарламада айтылғандай, медициналық мекемелерге үш адам жеткізілген: екі ересек және бір бала.
«Олардың бәрі жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Науқастарға интенсивті терапия көрсетілуде, олардың жағдайы профильді мамандардың тұрақты бақылауында», – делінген мәлімдемеде.
Жедел медициналық көмек қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Облыстық денсаулық сақтау мекемелерінен қосымша мамандар жіберілді, қажетті медикаментоздық және психологиялық қолдау қамтамасыз етілді.
Еске сала кетейік, қайғылы жағдай 18 қараша күні таңертең Жетісай ауданы, Алғабас ауылында болды. Жеке тұрғын үйдегі өрт салдарынан тоғыз бала, үш ересек адам көз жұмды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтып, Үкімет пен облыс әкіміне жақын туыстарына барлық қажетті көмекті көрсетуді және трагедияның себептерін анықтау бойынша тергеу жүргізуді тапсырды.