Жетісайдағы өртте 9 бала қаза тапты: Оқиғаға қатысты тың деректер шықты

/
Жетісайдағы өртте 9 бала қаза тапты: Оқиғаға қатысты тың деректер шықты
istockphoto.com

Түркістан облысында жеке үйдегі өрт салдарынан 12 адамның қаза болуына байланысты полиция тергеу бастады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева 18 қараша күні таңертең Жетісай ауданы, Алғабас ауылында болған қайғылы оқиға туралы кейбір мәліметтерді жариялады. Жеке тұрғын үйдегі өрттен 12 адам қаза тапты, олардың тоғызы — бала.

«Үйде екі отбасы – ата-аналары мен балалары болған, өрт шығып, шатыр опырылып құлаған. Аймақтық уәкіл Психологиялық қолдау орталығымен бірге оқиға орнына барды. Өрттің шығу себептері мен мән-жайлары анықталып жатыр. Марқұмдардың туыстарына көңіл айтамыз», – деп жазды балалар омбудсмені Динара Закиева өз әлеуметтік желідегі парақшасында.

Түркістан облысы полициясының хабарлауынша, Жетісай ауданындағы өрт фактісі бойынша «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатыр», – делінген облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары