Жетісу облысында «AMANAT» партиясы облыстық филиалының депутаттық фракциясының кеңейтілген бірлескен отырысы өтті. Аталған отырыста өңірдің саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Жиын барысында әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, олардың көшбасшылық әлеуетін дамыту және гендерлік саясатты ілгерілету бағыттары сөз етілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жиынның негізгі бөлігінде «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының төрағасы Назгүл Жақыпбаева облыста атқарылған жұмыс туралы есеп беріп, алдағы кезеңге жоспарланған бастамаларын таныстырды.
Назгүл Қабілетқызының айтуынша, Жетісу облысында партияның 39 мыңнан астам мүшесі болса, соның 28 мыңнан астамы – әйелдер. Бұл аймақтағы партиялық активтің 72 пайызын әйелдер құрайтынын көрсетеді. Экранда ұсынылған талдау бойынша, партияның негізгі тірегі – өмірлік тәжірибесі мол, 40 жастан асқан белсенді әйелдер.
Әйелдер қанатының жұмысы 10 басым бағыт бойынша жүргізіліп келеді. Оған саяси көшбасшылықты дамыту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, инклюзивті қоғам құру, кәсіпкер әйелдерді қолдау, психологиялық көмек жүйесін күшейту, еңбек құқықтарын қорғау, гендерлік сараптама жүргізу, ғылымдағы әйелдерді қолдау және экономикалық мүмкіндіктерді кеңейту секілді маңызды бағыттар кіреді.

Назгүл Жақыпбаева өз баяндамасында гендерлік теңдік мәселесінің елдің экономикалық және саяси тұрақтылығына тікелей әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан халқының 52 пайызын әйелдер құраса да, шешім қабылдау деңгейіндегі әйелдердің үлесі әлі де төмен.
Жетісу облысында:
• ауылдық округ әкімдерінің ішінде әйелдер үлесі – 2,5%,
• аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары – 6,8%,
• облыстық басқарма басшылары – 4%,
• мәслихат депутаттарының 22,6%-ы – әйелдер.

Назгүл Жақыпбаева жиын барысында әйелдердің қоғамдық-саяси қатысуын арттырудың маңызын атап өтті.
«Әйелдің әлеуетін құр сөзбен емес, жүйелі саясатпен қолдау – бүгінгі күннің басты талабы. Әйелдер – тек отбасының емес, елдің дамуына ықпал ететін қуатты ресурс. Сондықтан біз Жетісуда әрбір әйелдің білім алуға, кәсіп бастауға, шешім қабылдау процесіне араласуға тең мүмкіндігі болуына жұмыс істейміз. Гендерлік теңдік – статистика үшін емес, әділ қоғам үшін қажет құндылық», – деді Назгүл Жақыпбаева.
Келтірілген деректер гендерлік саясаттағы теңгерімсіздікті көрсетеді. Осыған байланысты Әйелдер қанатының төрайымы бірқатар ұсыныс жасады.
Жиында сөз алған Талдықорған қалалық мәслихатының депутаты Гүлниса Тұлымшақова әйелдердің саяси белсенділігін арттыру туралы пікір білдірді. Ал Жыланды ауылы лицей-интернатының директоры Элмира Рапилова білім, жұмысқа орналастыру және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы әйелдерге арналған қолдау шараларын күшейтуді ұсынды.