«Сені жоқ қып жіберемін деді»: Арман Дүйсеновтің зайыбы өзін қорқытқан адам туралы айтты

/
«Сені жоқ қып жіберемін деді»: Арман Дүйсеновтің зайыбы өзін қорқытқан адам туралы айтты
Видеодан скриншот

Марқұм композитор Арман Дүйсеновтің жары Айсұлу Айданқызы «TalkLike» ютуб-арнасына берген сұхбатында күйеуінің өліміне дейінгі қиындықтарды және олардың отбасын алдап кеткен адам туралы бүкпесіз айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның айтуынша, композитор көзі тірісінде 66 млн теңгесін қайтармай кеткен азаматқа алданып қалған.

"Барлығы Иманмади Қалихан деген кісіден басталды. Сот үкімі шыққан соң бұл туралы ашық айта аламын. Ол 6,5 жылға сотталды. Арман тірі кезінде оған сеніп, қомақты қаражат берді. Арман қайтқан соң ақшамды сұрағанымда, «қарыз алып болса да қайтарамын» деп уәде етті. Бірақ ақшаны әкелмеді. Мен де тоқтамай іздеп жүрдім," – деді Айсұлу Айданқызы.

Айтуынша, қарызды созумен жүрген адамға қатысты арыз жазуға ұлының өзі мұрындық болған.

"Ұлым «енді сотқа жазыңыздар, қазақшылыққа салынудың қажеті жоқ» деді. Кейін білсек, Қалихан Иманмадиден зардап шеккендер өте көп екен. Қолында дәлелі бар адамдармен бірігіп, Алмалы аудандық полициясына арыз бердік. Сол кезде ол маған қоқан-лоқы көрсетті. «Сені жоқ қыламын, мені білесің бе?» деп қорқытты," – деді ол көзіне жас алып.

Айсұлудың сөзінше, олардың Қалиханға сенуі қызының шетелде оқуы үшін болған.

"2018 жылы қызымыз Англияға оқуға бармақ болды. Сол кезде бұл адам «көмектесемін» деп бірнеше мәрте ақша алды. «Ақшаны шетелге жібердім» деді, бірақ ол жақтан ештеңе түспеді. Кейін «шотым бұғатталды, шығару үшін тағы ақша керек» деп Арманды сендіріп жүрді. Жалпы беруі тиіс сома – 66 млн теңге. Бастапқы қарыз 83 млн болған, соның бір бөлігін қайтарып, қалғанын өзінде қалдырды," – деді ол.

Айсұлу Айданқызы бұл оқиғадан кейін күйеуінің тым кеш әрекет жасағанын, алдау фактісі уақытында ашылмағанын өкінішпен айтты.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары