«Арманның әйеліне үй алып беріңіз»: Мақпал Жүнісова Баян Алагөзоваға үндеу жасады (ВИДЕО)

/
«Арманның әйеліне үй алып беріңіз»: Мақпал Жүнісова Баян Алагөзоваға үндеу жасады (ВИДЕО)
Коллаж: turkystan.kz

Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова композитор Арман Дүйсеновтің жесірі Айсұлу Дүйсенованың баспанасыз қалуы өзіне қатты әсер еткенін айтып, продюсер Баян Алагөзовадан көмек сұрады, деп жазады turkystan.kz. 

Әншінің айтуынша, ол мәселені шешуге көмектескісі келгенімен, өзінде артық қаражат жоқ. Соған қарамастан, Жүнісова Алматы қаласы әкімдігінде қызмет істейтін таныстарына өтініш айтып көрген.

«Мен миллионердің әйелі емеспін, менде артық ақша болмайды. Бай болсам, өзім-ақ алып берер едім. Сондықтан “үй алып беремін” деп айта алмаймын. Бірақ әкімнің өзіне емес, әкімдіктегі жігіттермен ақылдастым. Қазір бұрынғыдай кезексіз пәтер беру заңда жоқ екен, баланста да үй жоқ», – деді ол.

Мақпал Жүнісова кезінде марқұм Заманбек Нұрқаділов өнер адамдарына баспана мәселесінде көп қолдау көрсеткенін еске алды.

Оның айтуынша, бүгінде әкімдіктің мұндай мүмкіндік беретін қоры болмағандықтан, жалғыз үміт – белгілі продюсер Баян Мақсатқызында.

Әнші Арман Дүйсеновтің Баян Алагөзованы қатты құрметтегенін атап өтті. Композитор продюсердің көптеген жобасына ән жазып, өңдеуге дейін көмектескен.

«Сондықтан Баянға ғана сеніп отырмын. Жолдасыңыз екеуіңіз ақылдасып, бір үй алып беріңіздер. Жартылай ақшасын біз жинап берерміз. Өзім екі тойға барып, түскен ақшаны көмек ретінде беремін. Бір пәтер алып берсеңіздер, сіздердің абыройларыңыз одан сайын асқақтайды деп ойлаймын», – деді халық әртісі. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары