Қазақстан өз өңдеу өнеркәсібін дамытуға және тұрақты өндірістер құруға нақты қадамдар жасап отыр. Елдің бұл стратегиялық бағыты тек қана өндірісті көбейтуге емес, сонымен қатар экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған бизнеске көрсетілетін қолдау және жеке инвестицияларды біріктіру. Бұл үйлесім Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп, ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, елдің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Осындай жүйелі әрекеттер Қазақстанды тек шикізатқа тәуелді елден технологиялық, өндірістік қуаты мықты мемлекетке айналдырудың кепілі болып отыр.
Өнеркәсіпті дамытуға қаржылық мүмкіндіктер
Өнеркәсіпті дамыту қаржыландыруға қол жеткізусіз мүмкін емес. 2025 жылы «Бәйтерек» холдингі 1 трлн теңгеге дейін қосымша капиталдандырылып, бизнес пен жобаларды қолдаудың жалпы әлеуеті 8 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
Қазіргі таңда 4 трлн теңгеден астам қаржы (50 %) игерілді, 8 мыңнан астам кәсіпорын қолдау алды, олардың 96 %-ын шағын және орта бизнес субъектілері құрайды. 2027 жылға қарай қаржыландыру көлемі 10 трлн теңгеге жетуі мүмкін.
Ірі инвесторлар үшін жобаның құнының 80 %-ына дейін қаржыландыру және 30 %-ына дейін кепілдік беру түрінде қолдау көрсететін кепілдік қоры құрылды. Бұл жаңа өндірістерді құру үшін ұзақ мерзімді әрі болжамды жағдай қалыптастырады.
2025 жылдан бастап Қазақстанда отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі енгізілуде. Бұл өндірушілер мен олардың тауарлары туралы деректерді қамтитын мемлекеттік цифрлық жүйе.
2025 жылғы 19 мамырда Мемлекет басшысы қол қойған заң ашықтықты арттыруға және «жалған өндірушілерді» анықтауға бағытталған. Бұл шара адал компаниялардың нарықтағы позициясын нығайтуға және сатып алулар саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.
Оффтейк және ұзақ мерзімді келісімшарттар
Өнеркәсіптік дамуда ерекше рөлді отандық тауар өндірушілерді қолдау тетіктерін жетілдіріп жатқан «Самұрық-Қазына» қоры атқарады.
2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 141,6 млрд теңгеге 266 оффтейк-келісімшарт және 340,1 млрд теңгеге 320 ұзақ мерзімді келісімшарт жасалды.
Салыстыру үшін: 2024 жылдың қорытындысы бойынша қордың еншілес компаниялары 537,4 млрд теңгеге 287 келісімшартқа қол қойған, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда үш есеге жуық көп.
Оффтейк тетігі өнімді өткізудің кепілді нарығын қамтамасыз етіп, өндірісті жоспарлауға және кеңейтуге жағдай жасайды. Бұл жаңа зауыттарды іске қосуға бағытталған маңызды қадам.
Индустрияны дамытуда жер қойнауын пайдалану саласы өнеркәсіптік әлеуеттің негізгі бағыттарының біріне айналып келеді. Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушылар 227,4 млрд теңгеге 775 ұзақ мерзімді келісімшарт және 767,6 млрд теңгеге 12 оффтейк-келісім жасады.
Ал 2024 жылы 138,9 млрд теңгеге 290 келісімшарт жасалған. Бұл 2,6 еседен асатын өсім.
Бұдан бөлек, енді ірі тапсырыс берушілер мемлекеттік органдар да, жер қойнауын пайдаланушылар да сатып алулардағы ел ішіндегі құн үлесін арттыру бағдарламаларын әзірлеуге міндетті. Бұл ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті азайтатын тұрақты өндірістердің құрылуын ынталандырады.
Отандық кәсіпорындарды қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі — оларға реттелетін сатып алуларға қатысу құқығын басымдықпен беру. Бүгінде мемлекеттік сатып алулар шеңберінде ұлттық режимнен 4 834 тауар позициясы бойынша алып тастаулар белгіленген, бұл қазақстандық өндірушілерге әлдеқайда тиімді жағдайларда бәсекелесуге мүмкіндік береді.
2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар 399,9 млрд теңгеге 140,7 мыңнан астам келісімшарт жасасты, бұл өткен жылдың тиісті кезеңіндегі көрсеткіштен (202,5 млрд теңге) екі есе жуық көп. Мұндай өсім отандық кәсіпорындарға деген сенімнің артып келе жатқанын және олардың мемлекет қажеттіліктерін қамтамасыз етуге әзір екенін көрсетеді.
Жаңа зауыттар – индустриялық серпілістің нақты нәтижесі
2025 жыл Қазақстанның өнеркәсіптік тарихында ерекше белес болып отыр. Ел бойынша 63 жаңа өндіріс іске қосылып, 7,6 мың қазақстандық үшін тұрақты жұмыс орындары ашылды. Ал жыл соңына дейін жалпы құны 1,5 трлн теңгені құрайтын тағы 190 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Машина жасау, азық-түлік өнеркәсібі, мұнай өңдеу және химия өнеркәсібі индустрияның негізгі бағыттарының қатарында. Бұл салалар бір жағынан ішкі нарықты өз өнімдерімен қамтамасыз етсе, екінші жағынан Қазақстанның экспорттық әлеуетін күшейтіп, жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып келеді.
Бүгінде елде сатып алу жүйесінен бастап инвестиция тартуға дейінгі барлық тетік бір мақсатқа жұмыс істейді: жаңа зауыттар ашу, жаңа жұмыс орындарын құру және мықты, бәсекеге төзімді экономиканы қалыптастыру.
Мемлекеттік қолдау шаралары, цифрландыру үдерісі, жеке капиталдың белсенділігі және оффтейк келісімшарттары – барлығы да жаңа индустрияландырудың қуатты тірегі. Осы төрттаған елдің өнеркәсіптік болашағын нақты әрекеттермен айқындап, экономиканың шынайы драйверіне айналып отыр.