Әлемге «Molodoy» лақап атымен танымал қазақстандық киберспортшы Данил Голубенко туралы не білеміз?

/
Әлемге «Molodoy» лақап атымен танымал қазақстандық киберспортшы Данил Голубенко туралы не білеміз?
danil.molodoy_

«Molodoy» лақап атымен киберспортта танымал Данил Голубенко – Қазақстаннан шыққан жас әрі дарынды кәсіби ойыншы, деп хабарлайды turkystan.kz.

 Ол 2005 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Қазір ол Counter-Strike 2 (бұрынғы CS:GO) дисциплинасы бойынша әлемдік ареналарда ел намысын қорғап жүрген киберспортшы ретінде танылып отыр.

Данилдің киберспорттағы жолы мектеп кезінен басталған. Ол алғаш рет компьютер клубтарында ойнаудан бастап, уақыт өте келе кәсіби деңгейге дейін көтерілді. Оның қабілеті мен жылдам ойлауы, ерекше реакциясы мен тактикалық ойынына шетелдік ұйымдар да назар аударып, осылайша ол халықаралық деңгейге шықты.

Қазір 20 жастағы Голубенко FURIA Esports құрамында ойнайды. Бұл – киберспорт индустриясындағы ең беделді командалардың бірі.

FURIA командасындағы дебюті Астанада өтті. Бұл – PGL Astana 2025. Турнирде FURIA жартылай финалға дейін жетіп,  SPIRIT командасынан 1:2 есебімен ұтылып қалды.  

2025 жылы ол киберспорт тарихындағы ең ірі жеңістерінің біріне жетті. IEM Chengdu 2025 халықаралық турнирінде FURIA командасы финалда Team Vitality-ді 3:0 есебімен ұтып, чемпион атанды. Бұл турнирдің жүлде қоры 1 миллион долларды құраған, ал жеңімпаз команда 125 000 доллар көлемінде сыйақы алды. Осы додада Данил жеке номинацияда «ең үздік ойыншы» (MVP) атанып, мансабындағы екінші MVP марапатына ие болды.

Оның бұған дейінгі жетістіктерінің қатарында FISSURE Playground 2 және Thunderpick World Championship 2025 турнирлерінде жеңіске жеткен сәттері бар. Бұл жарыстарда да ол жоғары нәтиже көрсетіп, үздік ойыншылар қатарында болған.

Данилдің кәсіби жолы бірнеше команданы қамтиды: ол бастапқыда ALLINNERS ұйымында ойнап, кейін DMS және AMKAL командаларында тәжірибе жинады. Ал FURIA-ға қосылуы оның мансабындағы маңызды бетбұрыс болды.

Данил Голубенко — Қазақстан тарихында халықаралық деңгейде MVP атағын иеленген алғашқы киберспортшылардың бірі. Оның еңбегі мен табандылығы арқасында еліміздегі жас ойыншылар киберспорттың да нағыз кәсіби мансапқа айнала алатынын көріп отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары