Жұмыртқадан қауіпті химиялық заттар табылды

Чехиялық ғалымдармен бірлесіп зерттеу жүргізген экологтар тауық жұмыртқасынан адамды қалқанша безі мен жүйке ауруларына шалдықтыратын қауіпті химиялық заттар тапты, – деп хабарлайды Астана арнасы.

Экологтардың зерттеу нәтижесі бойынша, қара тізімге Маңғыстау облысының үш ауылы мен Қарағанды облысындағы Балқаш қаласы кірген. Мамандардың айтуынша, өнімдердің бұлай улануына қоқыс үйінділерінің көптігі себеп болған.

Ғалымдар жұмыртқаға 3 жыл бойы жүзге тарта сынақ жүргізіпті. Қарағандыдағы ірі супермаркеттердің бірінен алынған өнімнен бромдалған антипирен табылған. Ал Балқаштағы үй жұмыртқаларынан жоғары токсинді заттар анықталыпты. Маңғыстау облысының Таушық, Шетпе, Басқұдық ауылдарындағы үй тауықтарының жұмыртқалары да улы екен.

Экологтардың мәліметіне сүйенсек, пластикке ұқсас химиялық заттар ағзаға түссе, айықпас дертке шалдықтырады. Эколог мамандар адам денсаулығына немқұрайды қараған құс фабрикасының атын атаудан бас тартып отыр. Елімізде тағам құрамындағы концентраттардың шектеулі мөлшері белгіленген санитарлық норма жоқ болғандықтан, оларды жауапқа тарту мүмкін емес екен.

Мамандар жұмыртқалардың улануына өндіріс қалдықтары мен мыңдаған қоқыс үйінділері себеп екенін алға тартады. Сондықтан оларды жойып не қайта өңдейтін зауыттар қажет. Тіпті, құстардың далада шашылып жатқан қоқыстарды жегенін экологтар өз көздерімен көріпті.

Астана арнасы тілшісінің айтуынша, экологтар қауіпті жұмыртқалар мен сүт өнімдері мәселесін сәуір айының 20-сында Астана қаласында өтетін экологиялық конференцияда талқыламақ.

Back to top button