Ақтөбеде мұғалім ай сайын оқушыдан ақша алып отырған

/
Ақтөбеде мұғалім ай сайын оқушыдан ақша алып отырған
istockphoto.com

Ақтөбеде баланы жеке мектепке орналастырамын деп алаяқтық жасаған мұғалімге үкім шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылдың тамыз айында әйел бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген. Сол кезде ол танысына «балаңды жеке меншік мектепке орналастырамын» деп, сол үшін ай сайын жеңілдікпен 60 мың теңге төлеп отыруды ұсынған. Жәбірленуші келіскен.

Айыпталушы білім беру қызметі туралы келісімшартты баладан беріп жіберген. Бірақ ол құжатты мектеп басшылығына тапсырмаған. Осылайша өз сыныбында баланың заңсыз негізде оқып жүргенін жасырған.

«Жәбірленуші 2025 жылдың наурызына дейін ай сайын баласының оқуына 60 мың теңгеден төлеп отырған. Нәтижесінде айыпталушы 420 мың теңге алып, оны жеке қажетіне жұмсаған», – делінген сот хабарламасында.

Әйел өз кінәсін толық мойындаған. Сот оны алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды, алайда жәбірленушімен татуласуына байланысты жаза тағайындаған жоқ.

Үкім заңды күшіне енді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары