«Өміріме қауіп төніп тұрған соң…»: танымал боксшы өзін арнайы жасақ өкілдері соққыға жыққанын мәлімдеді

/
«Өміріме қауіп төніп тұрған соң…»: танымал боксшы өзін арнайы жасақ өкілдері соққыға жыққанын мәлімдеді
Видеодан скриншот

«Палач» лақап атымен танымал петропавлдық боксшы Дамир Әлкешев полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекетіне ұшырағанын мәлімдеді. Ал өңірлік полиция департаменті спортшыны бұзақылық жасады деген күдікпен ұсталған деп отыр.

Полицияның мәліметінше, оқиға 1-інен 2 қарашаға қараған түні Петропавл қаласының орталығындағы «Арбат» дәмханасында болған. Сол сәтте мекемеде Астанадан келген ерлі-зайыпты жұп демалып отырған. Куәгерлердің айтуынша, сол дәмхананың күзетшісі қызметін атқарған Әлкешев себепсізден себепсіз келушілердің біріне шабуыл жасап, дене жарақатын келтірген. Жәбірленушінің әйелі оқиғаның бір бөлігін видеоға түсіріп үлгерген.

7 қараша күні полиция Әлкешевті көшеде ұстаған. Ресми дерек бойынша, спортшы құқық қорғау органдарына қарсылық көрсеткен. Алайда боксшының сөзіне қарағанда, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы (ҰҚКБ) мен арнайы жасақ қызметкерлері оны ұрып-соққан.

«Мені көшеде кетіп бара жатқан жерімнен ұстап алды, ҰҚКБ мен арнайы жасақ өкілдері тепкілеп, ұрып-соқты. Кейін ауруханаға апарып, жарақаттарымды тіркеді де, мәжбүрлі түрде «өзім құлап қалдым» деп жазғызып алды. Өміріме қауіп төніп тұрған соң, айтқан қағаздарына қол қойып бердім. Егер маған бірдеңе болса, полиция қызметкерлерін, атап айтқанда, ҰҚКБ мен арнайы жасақ өкілдері кінәлі екенін біліп жүріңіздер», - дейді Әлкешев Instagram желісіндегі видеоүндеуінде.

Ол президенттен, ішкі істер министрі мен бас прокурордан осы мәселе бойынша көмек көрсетуді сұрады.

Қазір 22 жастағы спортшы ауруханада жатыр, жанына арнайы күзет қойылған. Дәрігерлер емдеу процесін аяқтаған соң, оны уақытша ұстау изоляторына көшіру жоспарланып отыр. Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті күдіктінің мәлімдемесіне байланысты қызметтік тергеу басталғанын хабарлады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары