Шу ауданында ота жасатқан науқас бір ай бойы сөйлей алмай қалған

/
Шу ауданында ота жасатқан науқас бір ай бойы сөйлей алмай қалған
Скриншот

Жамбыл облысы Шу ауданында ота жасатқан 57 жастағы науқас бір ай бойы сөйлей алмай қалған, деп хабарлайды turkystan.kz сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Науқас Шолпан Ырысалиеваның айтуынша, Шу ауданы ауруханасының дәрігерлері оған мүлде басқа диагноз қойып, операцияға жіберген. Ал оянған кезде тамағына салынған түтік ауыз қуысын жыртып, бір ай бойы мүлде сөйлей алмай қалған. Қазір ақ халаттыларға қатысты қызмет тексерісі басталды.

Шолпан Ырысалиева қыркүйек айында болған оқиғадан әлі де есін жия алмай отыр. Ол желке тұсына шыққан ісікті қарату үшін аудандық ауруханаға барған. Ал ондағы дәрігерлер қатерлі ісікке жататын түйінді анықтамастан, бірден кесіп тастамақ болды дейді. Алайда операцияға дейінгі шаралар сәтсіз басталып, науқастың жағдайы мүлде нашарлаған. Дәрігерлер екпе жасау кезінде жүйке тамырын таппай, төрт мәрте мүлт кеткен соң, отаны тоқтатуға тура келген.

«Мен 25 күн тамақ іше алған жоқпын, су жұтудың өзі бір арман болды. Одан кейін еш хабар-ошар жоқ. Мен адаммын ғой. Мынандай жағдай болғаннан кейін «әпке, сізді мен ала алмаймын, қалаға барыңыз» десе, мен өкпелемеймін, кетемін ғой», — деді Шолпан Ырысалиева.

Аудандық аурухананың бас дәрігері жағдайы нашарлаған науқасқа ақ халаттылар дұрыс қарамағанын мойындап отыр. Ол мұндағы кезекші дәрігерлер әйелдің жағдайына тиісті талдауды атүсті жүргізген дейді. Сондай-ақ жауапты хирургтің қауіпті ісікті елемей, бірден операция жасауға кірісіп кеткені үлкен қателік болғанын айтады.

«Мойынды шалқайтып жасаған кезде, кеңірдекке түсу үшін, ол кеңірдек көрінеді. Сол кезде кеңірдекке түсе алмаған. Анестезиолог-реаниматологттың жіберген қателігі. Дәрігерлердің жіберген қателігі, реаниматолог жоспарлы түрде бұл кісіні қарап тексеріп, қаупін анықтау керек еді», — деді Шу ауданы ауруханасының бас дәрігері Жайдар Айтишев.

Қазір бұл дәрігерлерге қатысты қызмет тексерісі басталған. Олардың кінәсі дәлелденсе, жұмыстан қуылып қана қоймай, заң алдында тиісті жазасын алуы мүмкін. Ал жергілікті ауруханада емделемін деп, ауруыма ауру қосып алдым деген әйел желке тұсындағы ісіктің одан сайын асқынып бара жатқанын айтады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары