Ақмола облысында ер адам бұрынғы әйеліне жұмысында 9 рет пышақ сұққан

/
Ақмола облысында ер адам бұрынғы әйеліне жұмысында 9 рет пышақ сұққан
istockphoto.com

Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында С.-ға қатысты бұрынғы жұбайын өлтіруге оқталғаны үшін қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сотта анықталғандай, С. ас үй пышағын алып, бұрынғы жұбайы А.-ның жұмыс орнына сөйлесу мақсатында келген.

«Сөйлесу барысында жанжал туындаған. А. дәретхана бөлмесіне кеткен кезде, С. оның артынан барып, пышақпен арқасынан ұрған. Кейін әйел қашып, басқа бөлмеге кіргенде, С. оны қуып жетіп тағы да бірнеше рет пышақ сұққан. Сыртқа қашып шыққан А.-ны көшеде тағы да қуып жетіп, денесіне бірнеше пышақ жарақатын салған. Барлығы 9 пышақ жарақаты анықталған.

Көшеде С.-ны куәгер азаматтар ұстап, полиция қызметкерлеріне тапсырды.

Сот-медициналық сараптама нәтижелері бойынша, С.-ның есірткіге тәуелді екені және емделуді қажет ететіні анықталды.

Сот отырысында С. кісі өлтіруге оқталғанын мойындамай, бұрынғы жұбайын тек қорқытпақ болғанын түсіндірді», - делінген ақпаратта.

Сот үкімімен С.-ға 10 жылға бас бостандығынан айыру тағайындалды, сондай-ақ жәбірленуші А.-ның ауруханада емделуіне кеткен шығындарды өндіру туралы азаматтық талап қанағаттандырылды. Бұдан бөлек, сотталушы С.-ға жазасын өтеу орнында есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлі ем тағайындалды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары