Тараз тұрғыны көлігіне ағаш құлағаны үшін 1 млн теңге өтемақы өндіріп алды

/
Тараз тұрғыны көлігіне ағаш құлағаны үшін 1 млн теңге өтемақы өндіріп алды
istockphoto.com

Тараз қалалық соты талапкердің Тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қатысты материалдық залалды өндіріп алу туралы талабы бойынша азаматтық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

2025 жылдың наурызында талап қоюшы өзінің «HYUNDAI i20» маркалы көлігімен қиылыстың бағдаршамына тоқтаған. Осы сәтте талап қоюшының көлігіне талдың үлкен бұтақтары құлаған.

Сарапшының қорытындысына сәйкес автокөлікті жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының құны 1 млн теңгені құраған.

Талап қоюшы соттан жауапкерден жалпы сомасы 1,1 млн теңгеден астам материалдық залалды, мемлекеттік бажды және өкілдің қызметтері үшін шығыстарды өндіріп алуды сұрады.

«Қазгидромед» мәліметтеріне сәйкес, сол күні желдің ең жоғары жылдамдығы 31 м/с болған.

Жауапкер келтірілген залалды өтеу үшін бюджеттен қаржы ресурстары көзделмегенін және оқиға форс-мажор болып табылатынын айтып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуды сұрады.

Сақтандыру компаниясының өкілі сотта ағаштың құлауы сақтандыру оқиғасы болып табылмайтынын түсіндірді.

Сот процеске қатысушылармен оқиға орнына көшпелі сот отырысын өткізді. Сондай-ақ, сотқа талап қоюшының көлігіне ағаш құлаған сәттің бейнежазбасы ұсынылды. Жауапкердің форс-мажорлық жағдайлардың басталуы туралы дәлелдерін растайтын дәлелдер ұсынылмады.

Осылайша, сот іс бойынша барлық материалдар мен дәлелдемелерді зерттеп, талап қоюды қанағаттандырды.

Жауапкерден азамат С.-тың пайдасына 1,1 млн теңгеден астам сома өндірілді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары