Бұрын жоғары лауазымды қызмет атқарған Олеся Кексель азаптау ісіне қатысы бар деген күдікке ілінді. Сот оны екі ай мерзімге үй қамаққа алу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев мәлімдеді.
«Қазір азаптау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жақында сот санкциясымен оған екі ай мерзімге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», – деді ол.
Қыркүйек айында Қойгелдиев Кексельге қатысты бұлтартпау шарасын таңдауда оның кішкентай баласы барын ескергендерін түсіндірген еді.
Олеся Кексель 2017–2018 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның тергеу департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарған, кейін Арнайы прокурорлар қызметін басқарған.
2017 жылы ол «Жылдың мемлекеттік қызметшісі» атанған.
2025 жылдың жазында Бас прокуратура Кексельдің азаптау ісі бойынша күдікті ретінде танылғанын хабарлаған еді.