Қазақстан ұлттық құрамасының және «Елімай» клубының шабуылшысы Ғалымжан Кенжебектің агенті Мамука Ломидзе ойыншыға қай елден ұсыныс келіп жатқанын айтты, деп хабарлайды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Ғалымжан аз уақыт ішінде кәсіби футболшы ретінде айтарлықтай өсті. Сондықтан бүгінде оған көп клуб қызығушылық танытып отыр. Ел ішінде айтылып жүрген әңгімелердің жартысы – шындық. Алайда біз қазір ешқайда асықпаймыз. Себебі Еуропада қазір маусым қызып тұр. Қаржылық жағдайды бәрінен биік қойғаннан гөрі ақылға салып шешеміз.
Шотландия, Түркия, Хорватия, Грекия мен Португалияда назар аударып отырғандар бар. Словакия мен Ресей – онсыз да түсінікті, ол нұсқалар бұрыннан болған, болады да. Тек нақты ұсыныстар күтіп отырмыз», – дейді агент ASnews.kz-ке берген сұхбатында.
Ломидзе футбол десе, ішер асын жерге қояр Испаниядан да ұсыныстар жоқ емес екенін ашып айтты.
«Кенжебекке бұрыннан қызыққан испандық клубтар әлі де бар, алайда ел ішінде шу тудырмас үшін мен оларды атамаймын. Португалия – нұсқалардың бірі. Бірақ біз межені көтермекпіз. Бізге орташа бірақ мықты команда немесе төменгі лигадағы жетекші команда керек. Дәл қай клубқа баратынымыз қараша айының ортасы-соңында белгілі болады.
Түркия туралы ақпарат – рас. Бұл Суперлиганың екі клубы – топ емес, бірақ жақсы клубтар. Олар Ғалымжан туралы мәлімет жинақтаған», – дейді агент.