Мемлекет басшысы: Қазақстанды күшті және дамыған озық ел ету – тек өз қолымызда

/
Мемлекет басшысы: Қазақстанды күшті және дамыған озық ел ету – тек өз қолымызда
Ақорда

Қазір еліміз аса күрделі жолдың басында ғана тұр. Біз бір ел болып, бір-бірімізді қолдауымыз керек, көреалмаушылық, қызғаныш сияқты теріс әдеттерден арылған жөн. Бұл туралы Президент Республика күніне арналған салтанатты жиында айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Біз бәріміз Қазақстан азаматтарының жасампаз рухын сыйлауымыз керек. Мұндай игі үрдісті жан-жақты қолдау қажет. Ел мүддесі үшін биік мақсаттарға ұмтылыс ұлттық болмысымызға тән қасиет болуы керек. Армандау, алға мақсат қою – өте дұрыс.

Алайда қазіргі заман нақты іс-әрекеттің уақыты екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан елге пайдалы, болашаққа қажет істермен айналысу керек. Сөз жүзінде емес, іс жүзіндегі отаншылдық, яғни нағыз патриотизм дегеніміз – осы.

Қазір еліміз аса күрделі жолдың басында ғана тұр. Біз бір ел болып, бір-бірімізді қолдауымыз керек, көреалмаушылық, қызғаныш сияқты теріс әдеттерден арылған жөн.

Қазақстанды күшті және дамыған озық ел ету – тек өз қолымызда. Оған біздің мүмкіндігіміз де, әлеуетіміз де жетеді: экономикамыз – орнықты, жеріміз – берекелі, жарқын болашаққа деген сеніміміз – зор, ал азаматтарымыз, әрине, өте дарынды және қабілетті», - деді Қ. Тоқаев.

Сонымен қатар Президент ұлт ретінде биік белестерді бағындырамыз десек, халқымыздың ауызбіршілігі мықты болуы керегін айтты.

«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген. Біз ұлт ретінде биік белестерді бағындырамыз десек, ең алдымен, халқымыздың ауызбіршілігі мықты болуы керек, азаматтарымыз бірін-бірі сыйлап, құрметтеуі қажет.

Бір елдің ішінде өмір сүріп, бір жерде тұрып, жанжалға, ұрыс-керіске жол беруге болмайды. Біреудің еңбегін жоққа шығару, не болмаса ой-пікірін келеке ету, басқа адамды қаралау – озық, өркениетті қоғамға жат қылық, тіпті, ұят нәрсе, ондай әрекеттер үшін қоғам және заң алдында жауап беруге тура келеді.

Ғаламтор желісінде бір тақырыптан басталған талқылау бітпейтін пікірталасқа ұласып кетеді, тіпті, бұл құбылыс «аса қауіпті қоғамдық дерт» деген осындай түсінік, ұғым пайда болды. Мұндай дерттен құтылуымыз керек», - деді Мемлекет басшысы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары