Бүгін Ақордада Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті. Жиынды ашқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясы азаматтарымыздың экологиялық сана-сезімін өзгерте бастағанына назар аударды.
«Елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы азаматтарымыздың, әсіресе, жастардың басым көпшілігінің қолдауына ие болып, табысты жүзеге асырылып жатыр. Былтырдан бері шамамен 2,8 миллион гектар жер тазартылды, 4 миллионнан астам ағаш отырғызылды. Ең бастысы, азаматтарымыздың экологиялық сана-сезімі, бүкіл болмысы өзгере бастады.
Жалпы, барлық салада атқарылған жұмыс өз жемісін беріп жатыр деп айтуға болады. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, өзгерістерді міндетті түрде жалғастырамыз.
Биыл еліміздің мерейі өсіп, рухы көтерілген жыл болды. Азаматтарымыз көптеген салада табысқа жетті, жаһандық жарыстарда топ жарды.
Оқушыларымыз түрлі халықаралық білім додасынан мыңнан астам медаль иеленді. Үздік спортшыларымыз, соның ішінде боксшылар туымызды биікте желбіретті. Дарынды жастарымыз ұлт өнерін жер жүзіне паш етіп, кеңінен дәріптеп жүр.
Жаһан жұрты қазақты рухы биік, көзі ашық, мәдениеті бірегей, зияткер ұлт ретінде тануда. Бұл – жылдар бойы жүргізілген жүйелі және тиімді жұмыстың нәтижесі. Енді осы қарқынды бәсеңдетпей, тек алға қарай қадам басуымыз қажет», – деді Президент.