Тоқаев: Биыл 20 миллион тоннадан астам бидай жиналды

/
Тоқаев: Биыл 20 миллион тоннадан астам бидай жиналды
istockphoto.com

Бүгін Ақордада Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті. Жиында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев экономика мен көлік саласындағы серпін туралы айтты. Айтуынша, биыл да қамбамыз астыққа толып, 20 миллион тоннадан астам бидай жиналған.

«Біз ұлттық экономиканы түбегейлі жаңғырту үшін әртараптандыруға баса мән беріп отырмыз. Әсіресе, көлік-тасымал саласын стратегиялық маңызды бағыт ретінде дамытып жатырмыз. Қазақстан Еуразияның басты логистика орталығы, яғни хабы болуы керек. Оған еліміздің әлеуеті жетеді, мүмкіндігіміз де мол.

Өткен айда «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылды. Бұл – егемендік кезеңінде салынған ең ірі теміржол құрылысы. Сондай-ақ биыл 13 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделді. Қытай арқылы ауқымды жүк тасымалдау мүмкіндігіне ие болдық. Қазіргі халықаралық нарықтағы тұрақсыз ахуалды ескерсек, мұны үлкен жетістік деп айтуға болады.

Әуе қатынасы саласындағы табыстарымыз да аз емес. Биыл 36 жаңа әуе рейсі ашылды, олардың ішінде Азия мен Еуропаның ірі қалалары бар. Бірақ бұл жүйені одан әрі дамытуымыз керек. Оның үстіне әуе жолдары арқылы жүк тасымалдау жүйесін де (карго) нығайтуымыз қажет.

Елімізде өндіріс те дамып келеді. Бұл саланың өсімі жыл басынан бері 7,5 пайызға жетті. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жақындады. Кәсіпкерлер еліміздегі еңбекке қабілетті азаматтардың жартысына жуығын жұмыспен қамтып отыр.

Құрылыс саласы қарқынды дамып жатыр. Былтыр Қазақстанда 19 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш, нәтижесінде мыңдаған отбасы баспаналы болды.

Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 2,5 есе өсті. Биыл да қамбамыз астыққа толды, 20 миллион тоннадан астам бидай жиналды. Қазақстанның экспорттық әлеуеті артуда, сауда серіктесі ретіндегі беделі нығаюда», – деді Президент.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары