Билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс ешқашан болмаған – Президент реформалар туралы

/
Билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс ешқашан болмаған – Президент реформалар туралы
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында 2019 жылдан бері экономикамыз 16 пайызға өскенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Әділетті Қазақстанды құру жолында басқа да нақты шаралар қолға алынды. Азаматтарымыз мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдауға белсенді түрде араласа бастады.

Ауыл, аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері тікелей сайланатын болды. Ауыл әкімдерінің барлығы, ал аудан әкімдерінің 25 пайызы жаңарды. Осылайша, билік жүйесі айтарлықтай өзгерді.

Елімізде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орныға түсті. Ашығын айтсақ, осы аймақтағы билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс ешқашан болмаған.

Біз бір ел болып саяси реформаны табысты іске асырып жатырмыз, соның нәтижесі ретінде қоғамда түбегейлі жаңғыру үдерісі басталды. Реформаларымызды жүзеге асыруға барша адамзат үшін аса қиын, күрделі кезеңде кірістік.

Пандемия, алпауыт елдердің санкциялық текетіресі, қалыптасқан сауда жолдарының бұзылуы, түрлі қақтығыстар мен соғыстар әлем елдерінің дамуына орасан зор шығын келтірді. Бұл жағдайлар Қазақстанға да салқынын тигізді. Дегенмен біз қажетті шараларды дер кезінде қабылдадық. Экономикамыздың әлеуетін сақтай отырып, оны тың серпінмен дамыта түстік.

2019 жылдан бері экономикамыз 16 пайызға өсті, биыл осы көрсеткіш шамамен 137 триллион теңге, яғни 291 миллиард доллар болады деп күтілуде, бұдан да асуы мүмкін. Бұл Қазақстанның біздің аймақтағы ең үлкен экономика екенін көрсетеді. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 47 пайызға артып, 14 400 долларға жетті. Бұл – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіштің бірі.

Қазақстанның алтын-валюта резервінің көлемі 58 миллиард долларға жетті. Жеті жылда сыртқы сауда айналымы 83 пайызға артып, бүгінде 142 миллиард доллар болды», - деді Президент.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары