ШҚО-ның бұрынғы бас экологына сот үкімі шықты

/
ШҚО-ның бұрынғы бас экологына сот үкімі шықты
istockphoto.com

Шығыс Қазақстан облысында экология департаментінің бұрынғы басшысы сотталды. 62 жастағы Мамай Бутабаев ірі көлемде пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жыл 1 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Yk.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұған дейін хабарланғандай, шенеунік 2024 жылдың жазында құрылыс компаниясының өкілінен 8,5 миллион теңге алған сәтінде ұсталған.

Сот барысында экс-басшы өз кінәсін мойындамаған, айыптауды растайтын нақты дәлелдер жоқ екенін мәлімдеген. Алайда сот оны кінәлі деп таныды.

Заңсыз ақшаны беру мен заңдастыруға қатысқан екі кәсіпкер де ұзақ мерзімге сотталды.

Бутабаев экология департаментін небәрі жарты жыл ғана басқарған. Бұған дейін ол Абай облысында қызмет атқарған. Оның тағайындалуы пара алу дерегімен ұсталған алдыңғы басшының орнына келген болатын. Оған дейін де департамент басшысының орынбасары өнеркәсіптік компаниядан заңсыз сыйақы алғаны үшін тергелген еді.

Осылайша, соңғы уақытта ШҚО экология департаментін басқарған үш бірдей басшының барлығы сыбайлас жемқорлық айыбымен сотталған. Ал өңірдегі экологиялық мәселелер әлі де өзекті күйінде қалып отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары