Біраз уақыт бұрын Қарағанды облысында жергілікті фермердің өз жерін таптаған жылқыларды атып тастағаны туралы ақпарат тараған болатын. Бүгін Instagram желісінде өзін сол кісінің қызымын деп таныстырған қолданушы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Әлеуметтік желілерде менің әкемнің Қарағанды облысы Нұра ауданында жылқыларды атуға қатысы бар деген жалған және жала жабатын ақпарат тарап жатыр
Ресми түрде мәлімдеймін — бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.
Менің әкем жарияланымдарда айтылғандай «ауқатты адам» емес, осы жерде өмір сүріп, еңбек етіп келе жатқан, күнін әрең көріп отырған қарапайым шаруа.
Ол ешқашан көршілерімен жанжалға барған емес және жануарларға қатысты ешқандай зорлық-зомбылық әрекет жасамаған.
Әділ тергеудің орнына, менің әкем заңсыз айыпталып, жария түрде қараланды. Қазір ол пневмония диагнозымен ауыр халде жатыр. Әлсіз денсаулығына қарамастан, оған ауруханаға жатуға және қажетті медициналық көмек алуға мүмкіндік берілмей отыр.
Біз бұл жағдайды оның құқықтарының бұзылуы және өмірі мен денсаулығына қауіп ретінде бағалаймыз.
Ең ашындыратыны — менің әкем «атып өлтірді» делінген жылқылардың иелері үйімізге келді. Сол сәтте үйде тек анам мен екі жастағы бала болған.
Бірнеше ер адам қоқан-лоқы көрсетіп, өз беттерінше жазаламақ болып, әкемді беруді талап еткен. Бұл біздің отбасымыздың қауіпсіздігіне нақты қауіп төндірді.
Біз БАҚ өкілдеріне, қоғам мен құқық қорғау органдарына келесідей өтініш білдіреміз:
• тексерілмеген ақпаратты таратпауға;
• отбасымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
• барлық процессуалдық нормаларды сақтай отырып, объективті және әділ тергеу жүргізуге шақырамыз.
Біз жаланы, қысым мен қорқытуды тоқтатуды және жалған ақпарат таратып, араздық тудырып отырған адамдарды жауапқа тартуды талап етеміз.
Біз шындық пен әділеттің жеңетініне сенеміз», - деп жазған ол.