«Депутат – суретке түсуге негізделген лауазым емес»: «AMANAT»-та жұмысына немқұрайлы қарайтын депутаттың мандатын қайтарып алмақ

/
«Депутат – суретке түсуге негізделген лауазым емес»: «AMANAT»-та жұмысына немқұрайлы қарайтын депутаттың мандатын қайтарып алмақ
“AMANAT” партиясы

Биыл қала экономикасына үш триллион теңге инвестиция тартылды, шағын және орта бизнеске жүз миллиард теңгеден астам сомаға қолдау көрсетілді. Сонымен қатар Алматыда он мектеп және төрт балабақша салынды, алты студенттік жатақхана пайдалануға берілді, он жеті мыңнан астам жас азамат жұмысқа орналастырылды. Осы және өзге де оң нәтижелер – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында атқарылған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Оны жүзеге асыру барысы Партиялық бақылау комитетінің көшпелі отырысында талқыланды.

«AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев сайлауалды бағдарлама халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын және Алматыда маңызды жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қаланың экономикасында, инфрақұрылымында, экологиясында және абаттандыру саласында оң үрдіс байқалады. Алматыда партия құрылымдары белсенді жұмыс істейді: қалада «AMANAT»-тың сегіз филиалы бар. Олар 55 мыңнан астам партия мүшесін біріктіреді. Партияның жетпістен астам өкілі партиялық бақылау комиссияларының жұмысына тартылды. Бұл қадам сайлауалды бағдарламаның орындалуын қадағалап қана қоймай, қала тұрғындарының өтініш-тілегіне жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

«AMANAT» дегеніміз – адамдар. Бүгінде партия мүшелері мен жақтастары – атқарушы биліктің сенімді серігі. Олар – Алматыдағы ең өзекті мәселелерді шешу ісінің белсенді тірегі. Қалалық филиалдың алдында нақты міндеттер тұр: Президент Жолдауын түсіндіру, сайлауалды уәделерді уақтылы және сапалы жүзеге асыру, әлеуметтік мәселелерді шешу, бастауыш ұйымдармен жұмысты күшейту, партиялық тәртіпті арттыру және қоғамдық қабылдау бөлмелерінің қызметінде ашықтықты қамтамасыз ету», – деді ол.


Өз кезегінде, Павел Казанцев талдау барысында партия филиалы, әкімдік және депутаттық корпус арасындағы неғұрлым үйлесімді жұмысты талап ететін мәселелер бары анықталғанын мәлімдеді. Яғни, сайлауалды бағдарламаны жоспарлау мен тармақтарды келісу сапасы, терең талдау жүргізу және болжау жасау қажеттілігі, мердігер ұйымдармен өзара іс-қимылды жақсарту жұмысы қолға алынуы керек. Комитет төрағасы депутаттар мен партия активінің жеткіліксіз деңгейде тартылатыны, сондай-ақ жүйелі мониторинг пен дұрыс статистика жүргізудің маңызы туралы мәселе көтерді.

«Сайлау мерзімінің жартысы артта қалды, ал біз әлі де сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру бойынша Жол картасын сапасыз жоспарлау салдарымен бетпе-бет келіп отырмыз. Бұл жай ғана дабыл емес – бұл межеге жақындап қалғанымыздың ескертпесі. Нақты пункттерге жауапты депутаттар ешқашан нысандарға бармаған жағдайлар бар. Кейбір жерде бойкүйез адамдар бары байқалады. Бұлай жұмыс істеуге болмайды. Партиялық бақылау – формалды жұмыс емес, нақты әрекет етуге тиіс құрал. Егер кейбір адамдар мұны түсінбесе, атақтары мен лауазымдарына қарамастан, тиісті шешім қабылданады», – деді Павел Казанцев.


Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұловтың айтуынша, партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жұмысы аясында биыл қалада 43,5 мың жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ 400 шақырымнан астам инженерлік желі тартылып, жаңғырту жұмысы қолға алынды. Бұған қоса, 150 шақырымнан астам жолға орташа жөндеу жұмысы жүргізілді.

«Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында «Алматы жастары» бағдарламасы аясында 2140 тұрғын үй қарызы берілді. Қауіпсіздікті арттыру және азаматтардың тұрмысын жақсарту жолында тозығы жеткен 80 үйдегі 380 пәтердің тұрғындары көшірілді. Бұған қоса, 58 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ 260 аула абаттандырылды. Экологиялық бақылау сапасын арттыру мақсатында ауаға мониторинг жүргізетін 107 заманауи атмосфералық құрылғы орнатылды», – деді ол.


Солай бола тұра, Алматыда барлық қажетті құрал мен ресурстың болуына қарамастан, түрлі құрылымның іс-әрекетін үйлестіру және келісу мәселесі әлі де шешілмеген күйде қалып отыр. Соның салдарынан, пайдалануға беру мерзімінен кешігу үрдісі пайда болады. Бұл өз кезегінде бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобаны жүйелі жүзеге асыру жұмысын баяулатады. Партиялық бақылау комитетінің мүшесі Арман Евниев Алматыда сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру барысындағы мәселелер негізінен жүйелі сипатқа ие екенін атап өтті. Сонымен қатар есеп беру барысы көбінесе тек формалды күйде қалып отыр: кешігу себептеріне талдау жүргізілмейді.

«Жекелеген жобаларды үздіксіз талқылай беруге болады. Алайда себептерге жүйелі талдау жүргізбейінше және жауапты тұлғалар, соның ішінде депутаттар нақты араласпайынша жағдай өзгермейді. Әр мәселеге жеке тұлға жауапты болуға тиіс. Ал шешімдерді жобалық кеңселер мен депутаттық корпустың қатысуымен апта сайынғы форматта қабылдау қажет», – деді ол.

Атап айтқанда, партияның сайлауалды бағдарламасына сәйкес, екі жыл ішінде Алматыда жедел жәрдем қызметінің 6 қосалқы стансасы салынуға тиіс еді. Алайда олардың ешқайсысы дайын емес. Бұған қоса, екі автобус паркі ашылмады, Үлкен Алматы каналына күрделі жөндеу жүргізілмеді, «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркі базасында Сақ мәдениеті орталығы ашылмады. Сондай-ақ 2023-2024 жылдар аралығында барлық бағдарлама аясында баспанаға мұқтаж отбасыларға арналған 6 мыңға жуық пәтер салынып, пайдалануға беру көзделген еді. Алайда олардың тек 1800-ге жуығы немесе шамамен 30%-ы ғана нақты салынды.

Павел Казанцев Алматы қалалық мәслихатындағы депутаттық корпус жұмысында партияның сайлауалды бағдарламасы пункттерін орындау ісіне халық қалаулылары әлі де жеткіліксіз деңгейде араласатынын және ресми көзқарас сақталып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, негізгі әлеуметтік жобаларды бақылауға келгенде мұндай әрекеттерге жол берілмейді.

«Бір депутат жүйелі жұмыс істеп жатқанын, ал екіншісі тек лента қиюды күтіп отырғанын көріп отырмыз. Олай болмауға тиіс. Егер депутат өзіне сеніп тапсырылған нысандарда не болып жатқанын білмесе, құрылыс алаңына бармаса, жағдайды түсінбесе – шара қолдану керек. Жұмыс істемейтін болса, мандатты қайтарып аламыз. Бір рет мандат қайтаратын болсақ, тәртіп түзеліп, тиімділік арта бастайды. Партия немқұрайлы, бойкүйез тұлғалардан арылуы керек. Депутат – есеп беруге, суретке түсуге негізделген лауазым емес. Депутат болу дегеніміз – күш-жігер таныту, жауапкершілік арқалау және нақты жұмыс істеу», – деді Павел Казанцев.

Отырыс қорытындысы бойынша, Партиялық бақылау комитеті партияның Алматы қалалық филиалына партияның сайлауалды бағдарламасының жекелеген тармақтарын уақтылы жүзеге асырмағаны үшін жергілікті атқарушы органдардың басшыларын, сондай-ақ мәслихат депутаттарын жауапкершілікке тартуды тапсырды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары