Африка халқы ашаршылық кесірінен қырылуы мүмкін

Африканың бірқатар елі мен Йемен халқына ашаршылық кесірінен жаппай қырылу қаупі төніп тұр, – деп хабарлайды 24.kz арнасы.

Мұндай мәлімдемені Біріккен Ұлттар Ұйымы жасады. БҰҰ өкілдерінің мәлімдемесіне сүйенсек, Африка елдерінде мұндай жағдайдың қалыптасуына қуаңшылық пен толастамай тұрған қарулы қақтығыстар себеп болып отыр.

Қазіргі уақытта Африкада құрғақшылық жайлаған аймақта 20 миллион адам тұрып жатыр. Сондай-ақ, елдегі жағдайдың ушығуына байланысты үй-жайын тастап, басы ауған жаққа босып кеткен тұрғындар саны да күрт артқан. Деректерге сүйенсек, қазір Сомалидің әрбір төртінші тұрғыны босқынға айналып үлгерген.

Ал Оңтүстік Суданда 100 мыңға жуық тұрғын аш жүр. БҰҰ-ның хабарлауынша, тағы миллион тұрғынға осындай қауіп төніп тұр. Эфиопия елінде де балалардың жартысынан көбі тойып  тамақтанбайды. Йеменде 19 миллион тұрғын гуманитарлық көмекке қол жеткізе алмай отыр. Африка елдерінде қалыптасқан қиын жағдайдан кейін БҰҰ әлемдік қауымдастықтан жәрдем сұрады. Өйткені бүгінде қажетті соманың тек 11 пайызы ғана жиналған. «2011 жылы Сомали, Эритрея, Эфиопия және Джибутиде 260 мыңнан астам адам аштан қырылды. Олардың жартысынан астамы – 5 жасқа толмаған бүлдіршін. Сондықтан біз ол жағдайдың қайталануына жол бермеуіміз керек», – дейді БҰҰ өкілі Адриан Эдвардс.

 

Back to top button