Бронетехника жүргізушілерінің алғашқы түлектері дайындалды

/
Бронетехника жүргізушілерінің алғашқы түлектері дайындалды
gov.kz

35-гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасының базасында БТР-80 және «Арлан» бронды дөңгелекті машиналарының жүргізушілерін даярлайтын жаңа оқу орталығының алғашқы түлектері салтанатты түрде шығарылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқу орталығы биыл жаңадан құрылған болатын. Бұған дейін десантшылар мұндай мамандықтарды басқа бөлімдерде меңгеруге мәжбүр еді. Енді кіші мамандарды өз күштерімен даярлау мүмкіндігі пайда болды.

Алты айлық оқытуды мерзімді қызметтегі 60 әскери қызметші сәтті аяқтады — олардың отызы БТР-80, отызы «Арлан» бронды машиналарының жүргізушілері.

— Бүгін біз тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз: алғаш рет өзіміздің оқу орталығымызда кіші мамандарды даярладық. Ертең олар бронетехниканың тізгініне отырып, Алматы, Қонаев, Талдықорған қалаларындағы десанттық бригадаларда және халықаралық оқу-жаттығуларда тапсырмаларды орындайтын болады, — деп атап өтті Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмақеев.

Оның айтуынша, өз оқу бөлімшесінің құрылуы дайындықтың сапасы мен жүйелілігін арттыруға, сондай-ақ десанттық бөлімдердің жауынгерлік қабілетін нығайтуға мүмкіндік береді.

Қолбасшы оқу орталығының офицерлері мен нұсқаушыларына бастамашылдығы және кәсібилігі үшін алғыс білдірді. Күзге дейін курсанттар саны 80 адамға дейін көбейтілмек. Келесі жылы мұнда ұшқышсыз авиациялық жүйелер операторларын, бронетехника көздеуші-операторларын және байланысшыларды даярлау жоспарланып отыр.

Салтанатты шара барысында үздік курсанттарға грамоталар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Бес сарбаз қолбасшы тарапынан 10 күндік демалыспен марапатталды.

Іс-шараға сарбаздардың ата-аналары, офицерлер және «Kazakhstan Paramount Engineering» компаниясының өкілдері қатысты. Қатысушылар оқу процесінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, жаңа жүйе Десанттық-шабуылдау әскерлерінің кәсіби дамуының негізіне айналатынына сенім білдірді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары