Аймақтарда ерекше қажеттіліктері бар балалар назардан тыс қалып отыр – «AMANAT»

/
Аймақтарда ерекше қажеттіліктері бар балалар назардан тыс қалып отыр – «AMANAT»
«AMANAT» партиясы

Соңғы 15 жылда елімізде мүмкіндігі шектеулі балалардың саны екі еседен астам өсіп, бүгінде шамамен 117 мыңға жетті. Олардың ішінде 11,8 мыңы – аутизм спектріндегі бұзылыстары бар балалар. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға уақтылы және сапалы көмек көрсету мәселесі «AMANAT» партиясы жанындағы Мүгедектігі бар адамдардың инклюзиясы жөніндегі республикалық кеңестің отырысында қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жиында талқыланғанған негізгі бағыттардың бірі – ерте араласу жүйесін дамыту. Бүгінде елімізде «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында ашылған 200-ден астам орталық жұмыс істейді. Бұл орталықтардың міндеті – баланың даму ерекшеліктерін ерте кезден анықтап, кешенді қолдау көрсету.

Осы ретте партия хатшысы Шолпан Каринова білім және денсаулық сақтау салалары арасындағы өзара нәтижелі жұмыстың жеткіліксіздігі салдарынан жүйенің тиімділігі төмендегенін атап өтті.

«Білім және денсаулық сақтау ведомстволары арасында өзара жұмыс жүйелі жүргізілмегендіктен, балалар қажетті көмекті уақытында ала алмай отыр. Біз әр балаға балабақшадан бастап мектепке дейін және одан кейін де жеке қолдау көрсету жүйесіне көшуіміз керек. Кем дегенде пилоттық режимде қолданысқа енгізу керек. Сонда ғана әр баланың әлеуметтік бейімделуін және жеке тұлға ретінде дамуын байқай аламыз», – деді ол.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, Кеңес төрағасының орынбасары Наталья Дементьева ата-аналардан келіп түсетін шағымдардың көп екенін атап өтті.

«Маған Көкшетау тұрғыны жүгінді. Ол өз қаласында 17–18 жастағы, әсіресе ауыр формадағы аутизмге шалдыққан жасөспірімдерге арналған оңалту орталығы жоқ екенін айтты. Мұндай балалардың ата-аналары не істемек? Олар кәмелет жасын келгенімен, әлі ересек өмірге бейімделе алмайды. Ал Маңғыстау облысының Шетпе ауылында ерекше балаларға арналған мектеп ғимараты дайын болғанымен, облыстық әкімдік лицензия бермей отыр. Соның салдарынан оқу процесі тоқтап тұр. Бұл – кәдімгі бюрократияның кесірі. Соның кесірінен ата-аналар да, ерекше қажеттіліктері бар балалар да тағы да назардан тыс қалып отыр», – деді депутат.

Бұл балалардың кәмелет жасына толғаннан кейінгі тағдыры – әлі де шешімін таппаған мәселе. «Шанс» оңалту орталығының басшысы Василий Шиманскийдің айтуынша, еліміздегі барлық оңалту бағдарламалары тек 18 жасқа дейінгі балаларға арналған. Ал Қазақстанда әзірге мүмкіндігі шектеулі адамдардың жеке қажеттіліктеріне сай білім беру бағдарламаларын бейімдеуге мүмкіндік беретін кәсіби мамандықтар тізімі жоқ. Сол себепті, кәмелет жасына жеткеннен кейін мұндай балалар қолдау таппай отыр.

«Германияда ауыр диагнозы бар, психоневрологиялық немесе аутизм диагнозы анықталған балалар үшін өндірістік шеберханалар жұмыс істейді. Онда оларды кәсіпке үйретіп, бейімдейді. Бұл бағыттағы негізгі қаржыландыру көзі мемлекеттен емес, бизнес тарапынан қамтамасыз етіледі. Біз жиі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы айтамыз, бірақ бұл тек сөз жүзінде қалып отыр. Ерекше қажеттіліктері бар балалар білім алғаннан кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болуы тиіс. Алайда бүгінде олар үшін арнайы жұмыспен қамту жүйесі жоқ»,– деді ол.

Бұл ретте «Bolashak Charity» қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Гаплан менталдық бұзылыстары бар жасөспірімдерге кәсіптік білім беру бүгінде аса маңызды әрі өзекті мәселе екенін атап өтті. Өйткені 9-сыныптан кейін олардың басым бөлігі оқуын жалғастыра алмайды – колледждердегі бағдарламалар мұндай балалардың ерекшеліктерін ескермейді. Бұған қоса, бюрократиялық кедергілер де көп: Денсаулық сақтау министрлігінің №188 бұйрығына сәйкес, менталдық бұзылыстары бар адамдар дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысын ала алмайды.

«Сондықтан қор біз серіктестермен бірлесе отырып, колледждер базасында оқу-өндірістік комбинаттардың моделін жүзеге асырдық.  бірге колледж базасында оқу-өндірістік комбинаттар аштық. Онда ерекше қажеттіліктері бар жасөспірімдер мен ересектер практикалық мамандықтарды меңгере алады. Бір жарым жылда шамамен 70 адам білім алды», – деді ол. Менталдық даму ерекшелігі бар адамдарға кәсіптік білім беруді дамыту үшін біздің үлгі бойынша техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын бейімдеу маңызды. Яғни оқу бағдарламаларын практикаға бағыттап, теориялық бөлімін қысқарту қажет», – деді ол.

Жалпы елімізде мүмкіндігі шектеулі адамдардың жұмыспен қамтылу деңгейі 30 пайыздан аспайды. Қазақстанда барлығы шамамен 740 мың ерекше қажеттілігі бар адам болса, олардың 414 мыңы еңбекке қабілетті. Алайда соның тек 119 мыңы ғана тұрақты жұмыспен қамтылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай атап өткендай, белгіленген квотаға сәйкес, еліміздегі барлық кәсіпорындар мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа қабылдауға міндетті. Бірақ оларды еңбек нарығына бейімдеуге бағытталған арнайы бағдарламалар әлі де жоқ.

«Қазір арнайы білім беру бағдарламалары әзірленіп жатыр. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан кәсіптік даярлық және сервис колледжінде психоневрологиялық диагнозы бар, соның ішінде аутизм спектріндегі бұзылысы немесе менталдық даму ерекшелігі бар студенттер оқиды. Колледж фермерлік шаруашылықтармен бірлесіп жұмыс істейді, бұл түлектердің жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Осындай тәжірибені кеңінен енгізу қажет», – деді ол.

Сонымен қатар отырыста медициналық оңалтуды жетілдіру мәселесіне ерекше назар аударылды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы бес жылда бұл салаға бөлінетін қаржы шамамен 140 пайызға артқан. Қызмет ауқымы да кеңейіп, дәрі-дәрмекпен емдеу мен когнитивтік тренингтерден бастап, роботтандырылған құрылғылар, вертикализаторлар, логопед және психолог көмегіне дейінгі түрлі бағыттар енгізілген. Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова атап өткендей, ерекше балалардың болашағы, ең алдымен, ерте диагностика мен жүйелі қолдауға байланысты.

«Бүгінде біз скрининг жүйесін енгіздік. Ол нәресте дүниеге келген сәттен бастап алты жасқа дейін жүргізіледі. Бұл тәсіл дамуындағы ауытқуларды ерте анықтап, баланы дер кезінде оңалтуға мүмкіндік береді. Мұндай балаларға имплантация оталары, есту аппараттары, физиотерапия және сенсорлық интеграцияның заманауи әдістері қолжетімді. Алайда тек емдеу емес, үйрету де маңызды. Мысалы, Еуропада аутизмі бар балаларға арналған бағдарламалар мультфильмдер, визуалды бейнелер мен мемдер арқылы жасалады, себебі бұл тәсіл ақпаратты жақсы қабылдауға көмектеседі. Сондай-ақ онда кәсіби бағдар беру жүйесі де жолға қойылған: әр баланың бейімін анықтап, ол аспаздықты ұната ма, гүл өсіруге қызыға ма – соған қарай үйретеді. Біз де осындай тәжірибені енгізіп, өзіміздің кеңестік кезеңдегі оқу-өндірістік комбинаттар тәжірибесін жаңғыртуымыз керек. Сонда балалар мектеп қабырғасынан-ақ қолжетімді кәсіптерді меңгеріп, болашақта еңбекке араласуға нақты дайын бола алады», – деді ол.

Отырыстың қорытындысы бойынша Кеңес ерекше балаларды қолдаудың қолжетімді түрлерін дамыту жөнінде бірқатар ұсыныстар айтты. Атап айтқанда, оңалту орталықтарына балама ретінде психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің желісін кеңейту, аутизм спектріндегі балаларға арналған күндізгі бейімдеу мүмкіндігін қарастыру, білім беру бағдарламаларын жетілдіру және мінез-құлық талдаушысы мамандығын енгізу ұсынылды. Сонымен қатар қатысушылар қазақ тіліндегі оқу-әдістемелік материалдардың тапшылығын және шағын жеке орталықтардың қаржылық тұрақсыздығын да көтерді. Барлық ұсыныстар жинақталып, «AMANAT» партиясы тарапынан бақылауға алынды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары