Елорда маңында мал ұрлығымен айналысқан топ ұсталды

/
Елорда маңында мал ұрлығымен айналысқан топ ұсталды

Елордалық полицейлер қала маңындағы саяжай алаптарының бірінде мұқият жоспарланған мал ұрлығын әшкереледі, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тергеу мәліметінше, Ақмола облысының үш тұрғыны қылмысты алдын ала жоспарлап, қажетті құралдар мен көлікті дайындаған. Түн мезгілінде олар тұрғындардың ауласынан екі бие мен бір сиырды айдап әкетіп, жануарларды жақын маңдағы орманға жеткізген. Ізді жасыру үшін күдіктілер малды сол жерде сойып, етін көлікпен алып кеткен.

Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары жануарлардың терісін және трассаға апаратын іздерді тапты. Сонымен қатар бейнебақылау камералары күдіктілердің жүрген жолын тіркеп, олардың жеке басын анықтауға мүмкіндік берді. 

Тінту кезінде қылмыс жасауға пайдаланылған арқан, жүген және шамдар тәркіленді. Ал делдалдардан бөлшектелген мал еті табылып, айғақ ретінде алынды. Ұрланған ет күдіктілер тарапынан сатылып үлгерген.

Қазіргі таңда аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Үш күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысында олардың бұған дейін де ұқсас қылмыстар үшін жауапқа тартылғаны анықталды.

Астана полициясының қызметкерлері тұрғындарға малды қараусыз қалдырмауға, әсіресе түнгі уақытта сақтық шараларын күшейтуге және қора-қопсыларды нығайтуға кеңес береді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары