Өскемен тұрғыны полиция «бірлескен бизнес» ашу сылтауымен танысының миллион теңгеден астам ақша алып, айтқан уәдесінде тұрмағанын айтып, шағымданған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тексеру барысында полицейлер күдіктінің алдын ала дайындаған схема бойынша әрекет еткенін және бірнеше адамды алдағанын анықтаған. Ол таныстарын "мол табыс" әкелетін кәсіпке ақша салуға үгіттеп, біріне арзан бағада көлік алып беремін деп, екіншісіне қарызды сыйақысымен қайтарамын немесе пәтер сатып алуға көмектесемін деп уәде берген. Осылайша ер адам бірнеше жәбірленушінің ірі көлемдегі қаражатын иемденген.
Оның қылмыстық әрекеті жалпы сомасы 41 миллион теңгеден асатын шығын келтірген. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қазіргі уақытта күдіктінің осыған ұқсас өзге де алаяқтық фактілеріне қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Полиция кез келген жағдайда сақ болуға шақырады.