Қауіпті ұшақтармен науқастарды тасымалдап жүрміз – депутат

/
Қауіпті ұшақтармен науқастарды тасымалдап жүрміз – депутат
сурет: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың атына депутаттық сауал жолдап, ел аумағында ескі Як-40 жолаушылар ұшақтарының әлі де пайдаланылып жүргеніне алаңдайтынын жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Депутаттың айтуынша, Кеңес кезінде қолданылған бұл әуе кемелерінің сериялық өндірісі 1981 жылы тоқтаған. Бүгінгі таңда олардың пайдалану мерзімі 44 жылдан 55 жылға дейін жеткен, бұл әлемдік стандарттағы әуе парктерінің орташа шекті жасынан екі есе көп (15–20 жыл болуға тиіс).

Депутаттың сөзінше, Як-40 ұшақтарының техникалық ресурсы толық сарқылған. Олар өткен ғасырдың 60-жылдары жасалған АИ-25 қозғалтқыштарымен жабдықталған. Алайда бұл қозғалтқыштардың өндірісі 1980-жылдардың соңында тоқтаған, ал оларды шығаратын «Мотор Сич» кәсіпорны 2022 жылы қирап, қосалқы бөлшектердің өндірісі де мүлде тоқтаған.

«Қазіргі уақытта АИ-25 қозғалтқыштары мен олардың сертификатталған қосалқы бөлшектерін шығару жүргізілмейді, халықаралық жеткізілімдер де жоқ. Демек, бұл ұшақтарды қауіпсіз пайдалануға мүмкіндік жоқ», – деді депутат.

Оның айтуынша, Як-40 ұшақтары Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) шу мен шығарындыларға қойылатын қазіргі талаптарына сәйкес келмейді. Сондықтан мұндай әуе кемелерін Еуроодақ елдерінде 2002 жылдың 1 сәуірінен бастап пайдалануға тыйым салынған.

Депутат бұл ұшақтардың Қазақстанда санитарлық авиация мақсатында, яғни науқастарды тасымалдау үшін пайдаланылып жүргеніне ерекше назар аударды.

«Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін ұшақтармен пациенттерді тасымалдау – адам өміріне тікелей қауіп төндіреді», – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, депутат «ICAO» стандарттарына сай келмейтін ұшақтарды пайдалануды жалғастыру еліміздің халықаралық беделіне нұқсан келтіретінін айтты.

Темір Қырықбаев Көлік министрлігінен келесі нақты шараларды қабылдауды сұрады:

  1. Як-40 ұшақтарын пайдалануды адам өміріне қауіпті болғандықтан тоқтату;
  2. Осы жылдың соңына дейін оларды кезең-кезеңімен шығару кестесін әзірлеу;
  3. Ескірген ұшақтардың орнына халықаралық стандарттарға сай жаңа әуе кемелерін енгізу бағдарламасын қабылдау;
  4. Қоршаған орта мен мемлекеттің мүдделеріне зиян келтірмейтін заманауи авиациялық флот құру.

Депутаттың пікірінше, бұл мәселе тек техникалық емес, сонымен қатар әлеуметтік және ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан да өзекті.

«Азаматтардың өмірі мен денсаулығы – мемлекеттің басты құндылығы. Сондықтан Қазақстан аспанында қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін ұшақтардың ұшуына жол берілмеуі тиіс», – деді Темір Қырықбаев.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары