Жаз аяқталып, күз басталған сайын адамда бейсаналы түрде «жаңа парақтан бастау» ниеті оянады. Мектепке, университетке қайта оралудың, жаңа маусымның басталуының психологиялық әсері ересектерде де сақталып қалады. Бұл құбылысты психологтар «жаңа бастау эффекті» деп атайды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеулерге сүйенсек, адамдар көбіне өмірінде өзгеріс енгізуді уақыттық шекаралармен байланыстырады: жаңа жыл, туған күн, жаңа оқу жылы немесе аптаның басы сияқты. Бұл кезеңдер адамға мотивация мен «жаңару сезімін» сыйлайды. Бірақ ғалымдар атап өткендей, дәл күз – бірдеңені бастауға ең тиімді кез. Себебі бұл кезде табиғат пен күн тәртібіндегі өзгерістер адамның миына «қозғал» деген белгі береді.
Ирландиялық психолог Труди Миханның айтуынша, жаңа өмір бастау үшін бірнеше қарапайым әдіс бар:
– Алдымен «болашақтағы өзіңізге хат жазыңыз». Бұл – мақсаттан ауытқымауға көмектесетін тәсіл.
– Егер жоспар бұзылса, өзіңізді кінәламаңыз: жылдың әр кезеңі жаңа бастауға мүмкіндік береді.
– Үлкен мақсаттардың орнына қысқамерзімді жетістіктерге назар аударыңыз.
– Өз кемшіліктеріңізге емес, болғыңыз келетін адамға назар аударыңыз.
– Әр мақсатқа нақты мерзім қойыңыз: дедлайн тәртіпке шақырады.
– Мотивация төмендеген сәттерде ақырын басып, алға жылжыңыз.
– Ұнамайтын істерді сүйікті әрекеттермен байланыстырыңыз: мысалы, жаттығу кезінде жақсы музыка тыңдау.
Психологтар күзді «қайта жандану маусымы» деп атайды. Себебі дәл осы уақытта адам өмірін реттеуге, жаңа әдеттер қалыптастыруға және ұзаққа созылатын өзгерістерге дайын тұрады.