Ақтөбеде 136 адамды алдап, 579 млн теңге алған емшіге үкім шықты

/
Ақтөбеде 136 адамды алдап, 579 млн теңге алған емшіге үкім шықты
istockphoto.com

Ақтөбе қаласының №2 соты емші Сұлушаш Қазбаеваға үкім шығарып, оны 136 жәбірленушіге қатысты алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әйел 2025 жылдың қаңтарында ұсталған. Бұған дейін емші өзіне жүгінген адамдарды «ізгі мақсаттар» үшін несие алуға көндіргені белгілі болған.

«Сотталушы мешіт пен медициналық орталық салу, сондай-ақ кәмелетке толмаған баласын шетелде емдету және өз "емшілік ісін дамыту" сылтауымен әртүрлі банктерден өз пациенттерінің атына несие рәсімдетіп, алынған ақшаны қайтаруға ниетті болмаған», — делінген соттың хабарламасында.

Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын — 579 млн теңге.

Сот барысында Қазбаева өз кінәсін мойындамаған. Прокурор оған 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұрап, жәбірленушілердің азаматтық талаптарын қанағаттандыруды талап еткен.

Сот мемлекеттік айыптаумен келісе отырып, Қазбаеваға 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, азаматтық талаптарды ішінара қанағаттандырды.

Емші жазасын екі жылдан кейін өтей бастайды — ол кезде оның баласы 14 жасқа толады.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары