Түркістан облысында 38 жастағы дене шынықтыру пәнінің мұғаліміне үкім шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ол 8-сыныпта оқитын қызды адам жоқ жерге алып шығып, көлік ішінде тиіскен. Қыз бала қашып кетіп, бәрін туыстарына айтып берген. Олар полицияға жүгінген.
Педагог сотта кінәсін мойындамаған. Алайда тергеу оның кінәсіне дәлелдер тапқан.
«Ол қызға өзі қоңырау соғып, кездесуге шақырған. Барлық қоңырау зерттелді. Ол қызды құшақтап, сипап, басқа да теріс әрекеттер жасаған», - деді судья.
Сот оны кінәлі деп танып, 12 жыл алты айға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ ол өмір бойы білім беру саласында жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Осы оқиғадан кейін қыз бала мектепке барудан бас тартқан.
Педофил — бес баланың әкесі. Мектепте 16 жыл жұмыс істеген. Сот отырысына оның отбасы да, туыстары да келмеген.