Еліміздің әр өңірінде, оның ішінде ауылды жерлерде жастардың жұмысқа орналасу, оқуға мүмкіндік алу, қоғамдық және мәдени іс-шараларға қатысуы үшін көптеген қолдау бағдарламалары жүзеге асырылуда. Жастарға арналған тиімді жобасы көп аймақтың бірі – Жетісу аймағы. Өткенде Алматы облысының түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген жастарын сөз қылсақ, бұл жолы білім мен білікті ұштастырып жүрген Жетісу жастарының мүмкіндіктері мен әлеуметтік ресурсы туралы баяндамақпыз.
Жетісу облысында 186 132 жас тұрады. Оның 83 035-і қалалық жерде, 103 097-і ауылда тұрады. Облыста жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Одан бөлек 9 ауданда орталық филиалдары жұмыс істейді. Биыл аталған орталықтар 3 мыңға жуық іс-шара өткізді.
Жұмыспен қамту шаралары аясында кеңес алу үшін 18-35 жас аралығындағы жұмыссыз жастардан тұрақты түрде өтініштер қабылдануда. Бүгінде облыс көлемінде 784 бос жұмыс орны бар екені анықталды. Осы орайда жастарға қолжетімді жұмыс орындары туралы толық ақпарат берілуде. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мақсатында «Qosyl» жастарды қолдау орталығы жергілікті жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатып, кеңес беру, түйіндеме әзірлеуге көмектесу, әңгімелесуге дайындық және қажетті құжаттарды рәсімдеу бағытында жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 85 жұмыссыз жас тұрақты жұмыспен қамтылды. Сонымен бірге, тағы да ондаған жас түрлі саладағы бос орындарға әңгімелесуден өту және құжаттарын рәсімдеу кезеңінде тұр.
Жыл басынан бері жастарды мемлекеттік қолдау тетіктері жөнінде ақпараттандыру мақсатында 10 000 дана брошюра әзірленді. Бұл материалдарда жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке арналған мемлекеттік бағдарламалар, гранттық жобалар мен әлеуметтік қолдау шаралары туралы толық мәліметтер қамтылды. «Adal Komek» жобасы, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері және облыс көлемінде жүргізілген ақпараттық-түсіндірме жұмыстар аясында аталған брошюралардың шамамен 8 000 данасы тұрғындарға таратылды. Брошюрадағы мәліметтермен танысқан жастар орталық мамандарынан кеңес алып, өздеріне қажетті бағдарламаларға құжат тапсыру жолдарын үйренді. Нәтижесінде, көрсетілген кеңес пен ақпараттың арқасында 2 000-ға жуық жас тұрақты жұмысқа орналасты, ал кейбірі кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік гранттарға өтінім берді. Бұл жұмыстар жастардың еңбек нарығындағы белсенділігін арттыруға және өңірдегі жұмыспен қамтуды жақсартуға оң ықпал етуде.
Мемлекет басшысының бастамасымен тағайындалған «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығының 4 номинациясы бойынша облыстың белсенді волонтерлері мен ұйымдары жеңімпаз атанды. Атап айтсақ, «Хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуге белсенді қатысқаны үшін» номинациясының жеңімпазы Ғазиз Аманжолұлы, «Әлеуметтік міндеттерді шешуге қосқан үлесі үшін» номинациясының жеңімпазы Әсел Бәрібаева, «Қоршаған ортаны сақтау және қорғау үшін қосқан үлесі үшін» номинациясының жеңімпазы Динара Бакирова, «Тұрақты даму мақсатының көшбасшылары» номинациясының жеңімпазы Ерік Бейсенбеков. Республикалық «Игі істер марафоны» жобасы аясында Жетісу облысының «Jetisu jastary» орталығы «Инклюзия» бағытындағы мейірім апталығының жеңімпазы атанды.
Облыста 27 колледж, 1 университет бар. 22 колледжде 4 500 астам жатын орын бар, оның 3,900-ге жуығы студенттермен қамтылған. Жастарға арналған 10 коворкинг орталықтары Талдықорғанда және Қаратал, Алакөл, Көксу аудандарында орналасқан.
Жетісу облысында жастардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған мәдениет нысандары көп. Олардың қатарында театрлар, концерт залдары, кітапханалар, мұражайлар, көркемсурет галереялары, мәдени-демалыс орталықтары мен саябақтар бар. Бұл орындарда жастар шығармашылықпен айналысып, білімін толықтырып, өнер мен мәдениетке жақындай алады.
Жетісу облысында спорт инфрақұрылымы жастарды қамту үшін жақсы деңгейде дамып келеді — үлкен қалалар мен аудандарда қол жеткізу жақсарған, бірақ шалғай ауылдарда әлі де спорт нысандарының жетіспеушілігі байқалады.
Биылға жатсарға арналған бірнеше жаңа жобалар еңгізілді. «Qosyl» – жастарға арналған мобильді топ. Бұл жоба аясында жастармен тұрақты кездесулер өткізіліп, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар туралы ақпарат беріледі. Сонымен қатар бос жұмыс орындары жәрмеңкелері, кеңес беру пункттері, интеллектуалды ойындар, эко-квиздер, концерттік шоу-бағдарламалар және ашық аспан астындағы кино көрсетілімдер ұйымдастырылады. Негізгі мақсаты – жастарды қолдау, бағыт беру және жаңа мүмкіндіктермен таныстыру. Level Up» – оқыту семинарлары жобасы. Ол ауыл нұсқаушыларына арналған тренингтерді қамтиды. 300-ге жуық адам қатысқан «Level Up + Mentor» бағыты бойынша менторларға оқушылармен тиімді жұмыс жүргізу жолдары үйретілді. Бұл жоба жастардың кәсіби және жеке қабілеттерін жетілдіруге, тәжірибелік дағдыларын арттыруға ықпал етті. «JetUP» – көшбасшы студенттерді қалыптастыруға бағытталған жоба. Жастардың бойында көшбасшылық қасиеттерді дамыту, стартап идеяларын қолдау және қоғамдық белсенділікті арттыру көзделген. Арнайы тренингтер, тәжірибе алмасу кездесулері мен мотивациялық сессиялар арқылы студенттердің бастамалары қолдау табатын болады. 10 бағыт бойынша студенттік клубтардың ашылуы. Жаңа оқу жылынан бастап жастардың қызығушылықтарына сай түрлі бағыттағы студенттік клубтар құрылды (пікірсайыс, би, кітап, спорт және ұйымдастырушылық, волонтерлік, эко клуб пен интеллектуалды ойын, кибер спорт, СММ клубтары). Бұл бастама студенттердің белсенділігін арттыруға, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға және ортақ ортада дамуына мүмкіндік береді.
Аймақта жастарды жұмыспен қамту ісі де жақсы жолға қойылған.Жастар практикасы аясында қоғамдық жұмыстарға – 1 680, жастар тәжірибесіне – 737, алғашқы жұмыс орындарына – 321, әлеуметтік жұмыс орындарына – 133, ұрпақтар келісімшартына – 27 жас қатысты. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 568 жас кәсіпкерлікке оқытылып, 400 АЕК мөлшерінде – 31 адамға грант берілді.
Жастар арасында құқық бұзушылықтың, нашақорлықтың, құмар ойындардың алдын алу бойынша арнайы мамандармен кездесу өткізілді. Кездесудің басты мақсаты – жастар арасында құқықбұзушылық пен нашақорлық, құмар ойынға деген қызығушлықты азайту. Нашақорлықтың алдын алу бойынша атиграффити өткізілді. Жастар арасында құқықбұзушылықты алдын алу мақсатында жастар көп шоғырланатын жерде түнгі рейд өткізілді.
Полиция және Жастар ресурстық орталығының (ЖРО) бірлескен акциялары жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуда және әлеуметтік мәселелерді шешуде тиімді құралға айналды. Аталған акциялар барысында: Жасөспірімдер мен жастар арасында құқықтық сауаттылық артты, яғни өз құқықтары мен міндеттерін білуге деген қызығушылық өсті; Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында спорттық жарыстар, мәдени шаралар, патриоттық және еріктілік жобалар жүзеге асырылды, сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті сақтауға жастардың белсенді араласуы артып, ерікті жасақтар мен құқықтық тәртіпті қолдаушы жастардың саны көбейді. Жалпы, мұндай кешенді акциялар жастар мен құқық қорғау органдары арасындағы сенімді арттырып, олардың өзара тиімді байланыс орнатуына жол ашты.
Облыстағы волонтерлердің рөлі өте маңызды. Олар түрлі әлеуметтік, мәдени, экологиялық және спорттық жобаларға қатысып, қоғамға нақты пайда әкелуде. Волонтерлердің белсенділігі жастарды қоғамдық істерге тартуға, олардың бос уақытын тиімді өткізуге ықпал етеді. Жастар арасында қалыптастырып жатқан негізгі құндылықтары: Жауапкершілік – өз ісіне және қоғамға деген жауапкершілік сезімін арттыру; Мейірімділік пен жанашырлық – өзгеге көмектесудің маңызын түсіндіру; Бірлік пен ынтымақтастық – топпен жұмыс істеу, бір-бірін қолдау дағдысын қалыптастыру; Белсенді азаматтық ұстаным – қоғам өміріне араласу, өз үлесін қосу сезімін нығайту; Патриотизм – туған жерге, елге қызмет ету рухын тәрбиелеу.
Жұмыссыздықты азайту үшін әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау шаралары жүзеге асуда. Мәселен, «Жастар практикасы» жобасы оқуын жаңа аяқтаған түлектерге алғашқы жұмыс тәжірибесін жинауға мүмкіндік берсе, «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы жастарды тұрақты жұмысқа орналастырып, мемлекет тарапынан жалақының бір бөлігін субсидиялайды. «Дипломмен ауылға» арқылы жоғары білімді мамандар ауылдық жерлерге жіберіліп, оларға тұрғын үй және көшу жеңілдіктері қарастырылған. Кәсіп бастауға ниеттілер үшін «Бастау бизнес» пен «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобалары грант алып, кәсіпкерлік бойынша оқып, өз ісін ашуға жол ашады. Жастарды жұмыспен қамтып, бизнесті дамытуға ынталандыру мақсатында «Qosyl Fest» сияқты ақпараттық-кәсіпкерлік фестивальдар өтіп, қатысушыларға мемлекеттік қолдау мүмкіндіктері түсіндіріледі әрі жұмыс пен бизнеске қатысты ұсыныстар беріледі. Сонымен қатар аймақтарда бос жұмыс орындары жәрмеңкелері тұрақты өткізіліп, жұмыс берушілер мен іздеушілер тікелей байланыс орнатады, ал «Adal Komek» жобасы азаматтарға тегін құқықтық және әлеуметтік кеңес беріп, жұмысқа тұру немесе жеке кәсіп ашу жолдарын үйретеді.
Жетісу облысында жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты 2023 жылдан бастап іске асырылып келеді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жастардың өз кәсібін ашуына, жаңа жұмыс орындарын құруына және өңірлік экономиканың дамуына үлес қосуына жағдай жасау. 2023 жылы байқау нәтижесінде 10 жеңімпаз анықталды. Оның ішінде 6 грант иегері бөлінген қаражатты тиімді пайдаланып, қазіргі таңда өз кәсіптерін табысты жүргізуде. Ал 4 жеңімпаз жобаларын аяқтамай, қаражатты қайтадан мемлекеттік бюджетке қайтарды. 2024 жылы тағы 10 жеңімпаз грант иегері атанды. Барлық жеңімпаздар кәсіптерін толық көлемде іске асыруда. Нәтижелі жобалар қатарында Айым Бауыржанқызының «Сана» білім орталығы, Айнұр Акуқызының «АКУ» дамыту орталығы және Дамир Нүркежановтың «Future-IT» робототехника мектебі бар. Бұл жобалар қосымша білім беру, даму бағдарламалары және жасөспірімдерге ІТ мен робототехниканы үйрету бағыттарын қамтиды. 2025 жылы да 10 жеңімпаз анықталып, оларға қаражаттар аударылды. Қазір шығын сметалары бойынша қажетті құрал-жабдықтар сатып алу және жобаларды іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Бағдарлама аясында әр жыл сайын кемінде 10 жас кәсіпкер өз ісін бастауға мүмкіндік алып, өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына үлес қосуда.
Нашақорлық, құмар ойын, құқықбұзушылық сынды қоғамда белең алып тұрған проблемаларға қарсы кешенді шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл бағытта алдын алу, ақпараттық-түсіндіру және профилактикалық жұмыстар басты назарда. Атап айтқанда, Жетісу облысының Полиция департаментімен, Талдықорған қалалық прокуратурасымен, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің есірткіге қарсы күрес басқармасымен, сондай-ақ кәсіби психологтармен бірлесе отырып, Жетісу жастарының қатысуымен бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды. Осы мақсатта жастарға арналып: Нашақорлық тақырыбында пікірсайыс; «Есірткісіз таза қоғам» фронт офисінің ашылуы.
ЖРО психологтары жастарға бағытталған психологиялық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілді. Психологиялық қолдау – жастардың өмірлік дағдыларын дамытуға, эмоционалдық тұрақтылығын арттыруға және әлеуметке бейімделуіне нақты көмек беріп жатыр. Қиын жағдайға тап болған жастар сенімді тыңдаушы мен бағыт беруші ретінде психолог маманға жүгіне алды. Кеңес алған жастар арасында өз-өзіне сенімділік артты, мәселелерді шешу жолдарын табуға ынта пайда болды. Тренингтер барысында жастардың эмоционалды интеллектісі, қарым-қатынас дағдылары дамыды. Психологиялық қолдау – жастарға тек моральдық емес, нақты шешім қабылдау, дұрыс таңдау жасау, өз болашағын жоспарлау мүмкіндігін беріп отырған маңызды құрал. Демек, атқарылып жатқан жұмыс – жастарға нақты, өмірлік маңызы бар көмек.