Елордада 50 жылға жуық еңбек өтілі бар ұстаздар династиясы тұрады

/
Елордада 50 жылға жуық еңбек өтілі бар ұстаздар династиясы тұрады
gov.kz

Астана қаласында тұратын Мақановтар әулеті – ұрпаққа үлгі болған, жарты ғасырдан астам тарихы бар ұстаздар династиясы. Ақмола өңірінен шыққан бұл үлкен әулеттің педагогикалық еңбек өтілі бүгінде 50 жылға жуықтап отыр. Ұстаздық жолды жүрек қалауымен таңдап, оны ұрпақтан ұрпаққа мирас етіп келе жатқан бұл әулеттің мүшелері бірнеше буын бойы білім саласында жемісті еңбек етіп келеді.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, әулеттің келіні, ұлағатты ұстаз Барқыт Серікбайқызы – бүгінде өзі де мұғалімдер отбасынан шыққан жан. Анасы да ұстаз болған Барқыт Серікбайқызы балалық шағынан бастап педагог мамандығын қастерлеп өсіп, бүгінде өзі де ұстаздар отбасына келін болып түскенін зор мақтанышпен айтады.

«Өзім мұғалімдер отбасында дүниеге келдім. Анам ұстаз болды, ал отбасымыздағы бес қыздың үшеуі – мұғалім. Бала кезімде мұғалімнен өзге мамандық барын білмейтінмін. Бұл – мен үшін тағдырдың тартуы.

Мақановтар әулетіне келін болып түскенімде бұл шаңырақта алты мұғалім білім саласында еңбек етіп жатқанын көрдім. Қазір бұл әулетте он екі педагог ұстаздық қызметін атқарып жүр», – дейді Барқыт Мақанова.

Бұл әулеттің өкілдері үшін білім беру мен ұрпақ тәрбиесі – кәсіби міндет қана емес, рухани борыш, ұлт алдындағы адал парыз.

Ұстаздықты өмірінің мағынасына айналдырған Мақановтар отбасы жастарға да осы жолдың қадірін ұғындырып, ұстаз мамандығының биіктігін көрсетіп келеді.

Барқыт Серікбайқызының айтуынша, соңғы жылдары жас мұғалімдердің қатары көбейіп келе жатқанымен, оларды мектепте ұстап қалу, тәжірибелі педагогтердің қолдауымен қалыптастыру – маңызды мәселе. Ол жас мамандарға:

«Білім беру – кез келген адамның қолынан келе бермейтін күрделі іс. Алдыңа келетін әрбір оқушы – біреудің жалғызы, үміті, болашағы. Сол баланы үлкен өмірге дайындау, тұлға ретінде қалыптастыру – үлкен жауапкершілік пен қажыр-қайратты талап етеді. Мұғалім болу – оңай, бірақ жақсы мұғалім болу – мыңның біріне ғана бұйыратын бақ», – деп жүрекжарды кеңесін жеткізді.

Ұстаздың айтуынша, бүгінгі мұғалім тек білім беруші ғана емес, сонымен қатар ата-анамен, оқушымен, әріптеспен тиімді тіл табыса алатын жан-жақты тұлға, педагог-дипломат болуға тиіс. Заман талабына сай үнемі ізденісте жүретін, өзін кәсіби тұрғыда дамыта алатын мұғалім ғана ұрпақ тәрбиесінде зор рөл атқара алады.

Мақановтар әулетінің осындай еңбегі мемлекет деңгейінде де еленіп келеді. Ел ішінде еңбек адамының беделін арттыру мақсатында атап өтілетін «Еңбек күні» мен жыл сайын ұйымдастырылатын «Еңбек жолы» республикалық байқауы – дәл осындай өнегелі отбасылардың еңбегін кеңінен насихаттауға бағытталған. Бұл байқау арқылы еңбекке адалдық, кәсібіне беріктік сынды құндылықтар дәріптеліп, жас ұрпаққа үлгі болатын әулеттердің тәжірибесі паш етіледі.

Астанадағы Мақановтар әулеті – еңбектің қадірін терең түсініп, ұрпаққа өнеге еткен, ұстаздық жолды ұлтқа қызмет ету деп білетін шынайы педагогикалық династия. Бұл әулет бүгінгі қоғам үшін де, ертеңгі болашақ үшін де баға жетпес рухани байлықтың иесі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары