Түсініксіз тетіктер мен ерсі ережелер бизнестің мемлекетке деген сеніміне селкеу түсіреді – депутат

/
Түсініксіз тетіктер мен ерсі ережелер бизнестің мемлекетке деген сеніміне селкеу түсіреді – депутат

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбаев Үкіметтің шағын және орта бизнесті (ШОБ) қолдау бағдарламаларындағы олқылықтарды сынға алды. Ол бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді.

Депутаттың айтуынша, кәсіпкерлер банктерден алған несиесінің пайызын мемлекет өтеп береді деп сенгенімен, бұл міндеттеме жүйелі түрде орындалмай келеді.

«Соңғы кездері шағын және орта бизнестің несиесіне субсидияның кешіктіріп берілетіні “тәртіпсіз тәртіпке” айналды. Жүз мыңдаған кәсіпкер айлап күтсе де, өтемақы ала алмай отыр», – деді ол.

Алматы қаласынан басқа өңірлерде субсидия қаражаты жаздың өзінде таусылып қалған.

«Бұл жағдайда бизнес қалай мемлекетке сенім артады? Мемлекеттік бағдарламаларға арқа сүйеудің мәні қалмай отыр», – деді депутат.

Қымбат несие – бизнестің басты ауыртпалығы. Ұлттық Банк базалық ставканы көтергендіктен, қазір кәсіпкерлер алған несиелерінің жылдық пайыздық мөлшерлемесін 25 пайызға дейін төлеп жүр. Толықбаевтың пікірінше, мұндай қымбат несие ешқандай бизнесті табысты ете алмайды.

«Даму» қорының дерегінше, жыл басынан бері банктер ШОБ-тың 2 200 жобасын мақұлдағанымен, соның 40 пайызы ғана қаржыландырылған.

«Қалған кәсіпкерлер қолдаусыз қалды», – деді ол.

Депутат несиеге кепілдік беру жүйесінің де дұрыс жұмыс істемейтінін атап өтті. Жаңа ережеге сәйкес, банктер кепілдік көлеміне қарамастан «Даму» қорын капиталдандыруға міндеттелген. Банктер бұл талапты «квазисалық» деп атап отыр.

«Бұл – бизнесті қолдау емес, керісінше кедергі келтіру. Банктер қаржысын қорға емес, кәсіпкерге несиеге бағыттағаны әлдеқайда тиімді емес пе?» – деді депутат.

Депутаттың айтуынша, дамыған елдерде мұндай қорларды қаржыландыруға мемлекет, банктер, даму институттары және ірі кәсіпорындар бірдей атсалысады. Бұл банктердің жүгін жеңілдетіп, бизнестің несие алуын оңайлатады.

Депутаттың ұсыныстары:

  1. ШОБ алған несиелеріне субсидия төлеуді толық әрі уақытылы қамтамасыз ету.
  2. Кепілдендіру қорын капиталдандыру тетігін қайта қарап, қаржыландыруға квазимемлекеттік құрылымдар мен ірі кәсіпорындарды тарту.
  3. Екінші деңгейлі банктердің жарна мөлшерін қайта қарау.

«Еліне сенген еңкеймейді. Бірақ түсініксіз тетіктер мен ерсі ережелер отандық бизнестің мемлекетке деген сеніміне селкеу түсіреді», – деп түйіндеді Мақсат Толықбаев.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары